Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Абай облысына тұмауға қарсы 60 мың доза вакцина жеткізіледі

Абай облысына алдағы эпидемиологиялық маусымға дайындық шеңберінде 60 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Қосымша қажеттілік ретінде тағы 5 мың дозаға сұраныс берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады.

– Вакцина құрамында А(H1N1)pdm09, А(H3N2) және В типті тұмау вирустарының тазартылған антигендері бар. Ол 6 айдан асқан балаларға, жүкті әйелдерге және ересектерге медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда егіледі. Екпе тегін жүргізіледі және ең алдымен тәуекел топтарына бағытталған, – деді Айгүл Тоқтабаева.

Өткен эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының екі түрі тараған: 26,7 %-ы В типі, 73,3 %-ы А типі (оның ішінде А/H1N1pdm-09). Барлығы 116 науқас маусымдық тұмауға шалдыққан.

– Биыл облыста ЖРВИ-дің 137 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде 62 %-дан астамы – балалар. 1 жасқа дейінгі 6,5 мыңға жуық сәби және 600-ден астам жүкті әйел ауырды. Эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ және тұмаумен 1 478 адам ауруханаға жатқызылды,- деді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылау мақсатында облыста күнделікті мониторинг жүргізіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

– Күтпеген асқынулардың алдын алу үшін қатты бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жөтел, ентігу секілді белгілер пайда болғанда уақыт өткізбей дәрігерге қаралу қажет. Вакцинация эпидемиологиялық маусым басталмай тұрып жүргізілгенде аурудың ауыр түрлерін едәуір азайтуға мүмкіндік береді, – деді Абай облысының бас штаттан тыс инфекционисті Имдат Эфендиев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button