Семейдегі жаңа саябақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан жаңа саябақтың құрылыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда мұнда көгалдандыру, тас төсеу, жарық бағандарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саябаққа 2 мың түп қарағай ағаштары әкелінген. Соның 500 түбі отырғызылған. Бүгінде саябақтағы жұмыстардың 50 пайызы жасалған.
Бес гектар аумақты алып жатқан саябақта серуен жолдары, сахна, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған алаңдар, демалыс аймақтары, шағын сауда орындары салынатын болады. Жоба тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақ басшысы мердігер компания өкілдеріне құрылыс сапасын назарда ұстап, қала күніне дейін аяқтауды тапсырды.
Осы маңдағы қала тұрғындары үшін жақсы саябақ болады. Қарағайлы ықшам ауданында мұндай парк болмаған. Сауда орындары мен шағын павильондарға да орындар қарастырылған. Халық демалып, тынығатын орын болады. Әкелінген ағаштарды уақытылы суғарып отыру керек. Жұмысты жандандырып, қала күніне дейін аяқтап, пайдалануға беруіміз қажет, – деді облыс әкімі.
Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания саябақты қала күніне дейін аяқтауға уәде берді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ