
Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Мейрамбекұлы шаһар аумағын аралап, көшпелі жиын өткізді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік желі арқылы келіп түскен өтініштер мен жеке қабылдауда көтерілген мәселелерге байланысты бірқатар мекенжайларға барды. Атап айтқанда 15-шағын аудаы, 410-квартал және Кирпичный ауданының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу кезінде жер төле жағдайы, аулаларды абаттандыру, қоқыс шығару, жолдарды жөндеу сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Тек қабылдауға келген азаматтардың өтініштері ғана емес, әлеуметтік желі арқылы жазылған шағымдар да ескерусіз қалмайды. Халық көтерген әр мәселе біз үшін маңызды. Сол себепті әрқайсысын жеке қарап, шешу жолдарын табуға тырысамыз, – деді Бекжан Бапышев.
Көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, кәріз жүйесін тазалау, балалар ойын алаңын қалпына келтіру, қоқыс шығару, жолдарды тегістеу және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүктелді.