Облыс әкімі «Казэлектромаш» кәсіпорнының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында «Казэлектромаш» ЖШС-інде де болды. 1995 жылы құрылған кәсіпорын кабель өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Жылдық өндірістік қуаттылығы – 15 мың шақырым кабель. Қазіргі таңда зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді.
Кәсіпорын орта және жоғары кернеулі, күштік, бақылау, байланыс және монтаждық кабельдермен қатар, әуе электр беру желілеріне арналған сымдар, жылжымалы құрам, су асты сорғылары мен сигналды жүйелерге арналған сымдар өндіреді.
Соңғы жылдары «Казэлектромаш» ЖШС кабель-сым өнімдерін шығаратын заманауи кәсіпорынға айналды. Зауыт заманауи, жоғары сапалы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде кәсіпорын Қазақстанның кез келген нүктесінде электрмонтаж жұмыстарын атқара алатын өндірістік-техникалық әлеуетке ие.
Кәсіпорын директоры Виталий Распопин облыс әкіміне зауытта жүзеге асырылып жатқан жобалар, өндірілген өнімдер туралы баяндады. Өнімдеріне басқа өңірлерден қызығушылық болғанымен облыста сұраныс аз екенін айтып, көмек көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі Кәсіпкерлік басқармасына мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.
Қазіргі өндіріс пен жоспарланған қуат көлемі кәсіпорынның әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр. Зауыттың өнімдері бәсекеге қабілетті, еліміздің өзге өңірлерінде де сұраныс бар. Мердігер компаниялар логистикалық тұрғыдан қолайлы орналасқан осы кәсіпорынның өнімдерін алып, қолдау білдіруі керек , – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ