Үкімет басшысының орынбасары Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық барысымен танысты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық барысын тексерді.
Мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар өтетін орынның бірі – Абай ауданының Қарауыл ауылы жанындағы Қарауылтөбе. Облыс әкімі Берік Уәли осы жерде мерейтойға дайындық барысы туралы баяндады. Мұнда 400 көрерменге арналған үлкен дала сахнасы, ат жарысына арналған шеңбер, киіз үйлер қалашығы, кәсіпкерлерге арналған 2500 шаршы метрлік сауда аймағы, сонымен қатар жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық инфрақұрылым қарастырылған. Қазіргі уақытта қосымша жолдар салынып жатыр.
Қарауылтөбеге 184 киіз үй орнатылады. Арнайы жабдықталған дәретханалар қойылып, электр желісі тартылып, жарық шамдары орнатылды. Мерейтой қарсаңында Жидебай музей-қорығы аумағында интернет желісі іске қосылды. Антенналық матчты құрылғы бүгін Бөрілі елді-мекеніне қойылды.
Ермек Көшербаев Қарауыл ауылындағы Абай саябағында да болды. Жалпы ауданы 15 гектарды құрайтын бұл саябақ 2020 жылы ақынның 175 жылдығына орай салынған. Қазіргі таңда мұнда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерейтой аясында осы саябақта республикалық «Жеті қазына» фестивалінің ашылу салтанаты, сондай-ақ «Сұлу әйел» және «Ер жігіт» сайыстары өтеді.
Ермек Көшербаев «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде атқарылып жатқан қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты. «Қазреставрация» мекемесі кесенелерді ағарту, электр жарығын және сыртқы бағаналарды қалпына келтіру, сырлау-бояу, ақпараттық жолнұсқа белгілерді орнату жұмыстарын аяқтауға жақын.
Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Абай ауданындағы мерейтойға дайындық шараларына оң бағасын беріп, қалған жұмысты сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ