Облыс әкімі Жарма ауданындағы сауықтыру орталығында болды

Облыс әкімі Берік Уәли «Жарма Арасан» сауықтыру орталығында болды.
Жетпіс адамға арналған санаторийде буын, құяң, жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратына қатысты ауруларды емдеуге бағытталған медициналық қызметтер ұсынылады.
Бұл жердің шипалы қасиеті жайлы алғашқы ғылыми зерттеуді 1904 жылы дәрігер Дүйсенбі Қалматаев жүргізген. Ал жуырда медициналық университет зертханасының мамандары көл суының құрамынан сынама алып, оның құрамында Менделеев кестесінің көптеген элементтері бар екенін анықтаған.
Қазіргі таңда нысанда 15 қызметкер жұмыс істейді. Бір маусымда 600-700 адамға дейін ем қабылдайды. Кешен аумағында барлығы 4 ғимарат орналасқан.
Сауықтыру кешенінің басшылығы өз жобаларын таныстырды. Өз қаражаттары есебінен 150 миллион теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Табиғи әлеуеті жоғары шипажайдың мүмкіндігін кеңейту үшін облыс әкімінен орталықты дамыту үшін қолдау көрсетуді сұрады.
Осындай сауықтыру орындары облыс тұрғындарына қажет. Мұнда ем алу үшін еліміздің өзге өңірлерінен де адамдар келеді екен. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады. Кәсіпкер инвестициялық жобасын іске асырған соң тиісті құжаттарын заңға сәйкес өткізетін болса мемлекет салған ақшасының 10 пайызын қайтарып береді, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ