Абай облысының 13 мұғалімі мен 2 оқушысы әлемдік рекордтар кітабына енді

Алматы қаласындағы Медеу мұз айдынында ұлттық қолөнерге арналған бірегей «Аламан құрақ – 2025» мәдени жобасы өтті. Елдің әр өңірінен жиналған 660 құрақшы жалпы көлемі 1366 шаршы метрге жайылған құрақ көрпе құрап, бұл көрсеткіш Global Book of Records дүниежүзілік рекордтар кітабына тіркелді. Бұл – қазақтың құрақ өнеріне арналған тұңғыш әлемдік рекорд.
Ауқымды жобаға Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан барлығы 34 құрақшы қатысты. Оның ішінде Абай облысынан 13 мұғалім мен 2 оқушы бар. Қатысушылар Семей, Аягөз, Көкпекті аудандары мен Абай ауданы (Қарауыл ауылы) білім беру мекемелерінен жиналды. Олардың қатарында қала гимназиялары мен лицейлерінің, ауыл мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Абай және ШҚО бойынша жобаның өңірлік үйлестірушісі – Семей қаласындағы №19 мектептің мұғалімі Бақытжан Шапенова. Оның жетекшілігімен өңір атынан қатысушылар ұлттық өнерді жоғары деңгейде насихаттап, аймақтың атын әлемдік рекордтық жобада танытты.
Жобаның авторы – Аягөз ауданы, Таңсық ауылының тумасы, қолөнер жанашыры Нұргүл Абайхан. Оның бастамасымен жүзеге асқан әлемде теңдесі жоқ мәдени жоба қазақ аналарының ауыз біршілігін, құрақ өнерінің көркемдігін және ұлттық құндылықтың терең мағынасын әлемге паш етуді мақсат етті.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ