Абай облысыТОП

Облыс әкімі Семейдегі асфальт-бетон зауытының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли жол жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Гордорстрой» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытында болды.

Мекеме аумағында екі асфальт бетон зауыты орналасқан. Біріншісі – сағатына 200 тонна өнім шығаратын биыл орнатылған АБЗ NLB3000 зауыты. Бұған дейін осы орында болған QLB 2000 зауыты бүгінде Аягөз ауданының Мәдениет ауылына көшірілген. Екіншісі – 2008 жылы орнатылған АБЗ ДС-185 зауыты. Сағатына 60 тонна өнім өндіреді.

Кәсіпорын техникалық базасын жаңартып, 40 миллион теңгеге 60-қа жуық жаңа техника мен құрылғылар сатып алған. Бұл жол жөндеу және құрылыс жұмыстарын тиімді әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Зауыт базасында құрылыс және жол-құрылыс материалдарының сапасын жедел анықтайтын аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Аумақта битум сақтауға арналған үш резервуар бар. Әрқайсысы 200 тоннадан. Сондай-ақ жалпы көлемі 120 тонна болатын битум қоймасы орналасқан.

Аймақ басшысы зауыт жұмысын оң бағалап, жол құрылысының сапасын арттыруда осындай кәсіпорындардың үлесі маңызды екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта облысымызда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңіріміздегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 8052 шақырымды құрайды. Биыл аймақта 391 шақырым жол жөнделеді. Техникалық әлеуеті жоғары, жедел әрекет ететін зертханамен жабдықталған зауыттың облыс орталығында орналасқаны тиімді, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button