Абай облысыТОП

Облыс әкімі Семей қаласындағы әлеуметтік дүкендер санын көбейтуді тапсырды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың қаржылық жағдайы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында салынған медициналық нысандардың құрылысы мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндама жасады.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 100,1% деңгейінде тіркелген. Жыл басынан бергі баға өсімі 109,9%-ды құрап отыр. Сәбіз, пияз, ұн, тұз, тауық еті мен айран бойынша бағаның сәл өскені байқалады. Ал жұмыртқа мен қырыққабат бағасы арзандаған. Нан, май, күріш, сүт, қант сынды өнімдердің бағасы республикалық орташа деңгейден аспаған.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 1,8 млрд теңгеге 9 түрлі тауар бойынша келісімшарт жасаған. Қазіргі уақытта жазғы маусымаралық кезеңге қосымша өнімдер жеткізуге өтінім берілген.

Аймақ басшысы Кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді, тұрақты мониторинг жүргізуді, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Семей қаласының әкімдігіне облыс орталығындағы әлеуметтік дүкендер санын ұлғайтуды тапсырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button