Абай облысыТОП

Облыс әкімі «Тоқаш Ана» шипажайының жұмысымен танысты

2022 жылы ашылған шипажай Семей қаласынан 15 шақырым жерде, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан. Кешен саумалмен және қымызбен емделуді насихаттап, халқымыздың дәстүрін дәріптеп отыр.

Сауықтыру орталығында екі ғимарат бар. Қонақтарға арналған 6 бөлме, жеке санитарлық тораптар, 25 адамға арналған асхана, жаттығу бөлмесі және қызметкерлерге арналған бөлек үй қарастырылған.

Жазғы маусымда киіз үйлер, монша, ат қора мен қымыз дайындайтын арнайы орын жұмыс істейді. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған кешенге электр, су, газ, кәріз желісі тартылған. Тәулік бойғы бейнебақылау, күзет және автотұрақ бар.

Шипажай басшысы саяжай алабын Бесқарағай ауданының балансына беру мәселесін көтеріп, бұл бағытта тиісті шешім қабылдау үшін облыс әкімінен қолдау көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, аумақты аудан меншігіне беру шипажай қызметін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы ұсынысты қолдайтынын айтып, тиісті басқармаларға зерделеу жүргізіп, заң аясында қарастыруды тапсырды.

“Тоқаш Ана” сияқты шипажайлар туризммен қатар, халықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосады. Бесқарағай – туризмді дамытуға қолайлы аудан. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button