Абай облысыТОП

Абай облысында көші-қон тәртібін бұзған 79 адам анықталды

Абай облысында жыл басынан бері көші-қон саласындағы 79 заң бұзушылық тіркелді. Бұл – кездейсоқ кеткен қателік емес, көбіне құжаттардың болмауы, тіркеудің жасалмауы немесе жарамсыз құжаттармен жүру сияқты жүйелі бұзушылықтар.

Көбіне шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар ел аумағында тіркеусіз тұрып жатады, ықтиярхатсыз немесе оның мерзімі өтіп кеткен құжаттармен жүреді, тіпті кей жағдайда жоғалған құжаттар жайлы ішкі істер органдарына мүлде хабар бермейді.

Мұндай жағдайда адам заң алдында «көрінбейтін» күйге түседі: құқықтық мәртебесі болмайды, ешқандай әлеуметтік кепілдікке ие емес және өз мүддесін қорғай алмайды.

Азаматтар көбіне құжат рәсімдеуді кешіктіреді немесе тіркеуден әдейі қашады. Бірақ заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір жағдай тіркеліп, мұқият қаралады, – деді Абай облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Иманғажанов.

Бұзушылықтар облыс орталығында ғана емес, шалғай ауыл-аймақтарда да анықталды. Қазіргі таңда көші-қон жағдайына бақылау күшейтіліп, учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен арнайы рейдтер жүргізілуде.

Қандай әрекеттер заң бұзушылық болып есептеледі:
– Тіркеусіз тұрақты тұру;
– Жарамсыз немесе мерзімі өткен ықтиярхатпен жүру;
– Азаматтығы жоқ адамның күші жойылған куәлігі;
– Паспорт немесе басқа құжаттардың жоғалғаны туралы уақтылы хабарламау.

Егер сіз шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға болсаңыз:
– Құжаттарыңызды уақытылы рәсімдеңіз;
– Мерзімінің аяқталуын бақылап, уақтылы жаңартыңыз;
– Құжат жоғалған жағдайда дереу полицияға жүгініңіз.

Заң — бұл жай ғана қағаз жүзіндегі талап емес. Бұл — қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің негізі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button