Абай облысына Омбы облысының делегациясы келді

Бүгін Абай облысына Ресейдің Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Омбы облысының өкілі Андрей Шпиленко бастаған делегация келді. Делегация құрамында Омбы облысының ғылым, жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму министрі, өнеркәсіп және сауда министрі, көлік және жол шаруашылығы министрі, мәдениет, табиғи ресурстар және экология, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ экономикалық даму министрліктерінің орынбасарлары бар. Облыс әкімдігінде өткен кездесуде қос тарап екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы Абай облысы мен Омбы облысы арасындағы ынтымақтастық байланыс бұрыннан бар екенін, бұл сапар серіктестік байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан үшін Ресей – стратегиялық әріптес және сенімді одақтас. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырлар бойғы тату көршілік және ортақ тарих біріктіреді. Осы өзгермейтін құндылықтарға сүйене отырып, мемлекеттеріміз болашаққа бағытталған мазмұнды қарым-қатынастар орнатты» деп үнемі айтып жүреді. Екі ел басшыларының арасындағы қарым-қатынас барынша ашық, іскерлік және өзара құрметке негізделген. Абай облысына қош келдіңіздер! Омбы – Қазақстанмен тарихи, мәдени, экономикалық тұрғыда тығыз байланыстағы өңір. Сапар барысында жаңа бағыттағы бірлескен жобалар мен идеяларға негіз қаланады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко өз кезегінде аймақ басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, Омбы облысы Үкіметінің төрағасы Виталий Хоценконың сәлемін жеткізді.
Бұл сапар екі облыстың арасындағы байланысқа тың серпін береді деп ойлаймын. Біз барлық бағытта бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Әсіресе транс шекаралық Ертіс өзенін бірлесе дамытып, туристік бағыттар ашқымыз келеді. Біз тек мәдени-гуманитарлық бағытта ғана емес, экономика саласында бірлесе жұмыс істегіміз келеді» деген ол облыс әкімін 2025 жылдың 4-інші тоқсанында Омбыда өтетін «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық трансшекаралық форумға шақырды.
Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын, Абай облысы Омбы облысымен жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін айтты.
Осыдан үш жыл бұрын Орынборда өткен XVIII Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Абай облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасында өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылған болатын.
Абай облысында қазіргі таңда Ресей капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 178 ірі компания бар. Мемлекет басшысының қолдауымен өңірде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалып отыр. Нәтижесінде инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2024 жылы ресейлік компаниялар тарапынан Абай облысына тартылған инвестиция көлемі 507 млн АҚШ долларын құрады.
Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша Абай облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара тауар айналымы 128,6 млн долларға жетті. Оның ішінде экспорт – 67,8 млн доллар, импорт – 70,4 млн доллар.
Кездесу барысында Абай облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасында Ертіс өзенін дамыту және бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамаға және 2025-2028 жылдарға арналған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Қол қою рәсіміміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мен Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко қатысты. Іс-қимыл жоспары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша 30-дан астам бағытты қамтиды. Атап айтқанда, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, білім беру мен жастар саясаты, денсаулық сақтау мен спорт, туризм мен цифрландыру салаларында жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ