Жол жөндеу жұмысы қарқынды

Облыс орталығы Семейде жол жөндеу жұмыстары ерекше қарқынмен, кең ауқымда жүргізілуде.
Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 40 шақырымнан асатын 52 көшенің жолы жөнделмек. Айта кету керек, олардың 36-сы бұрын-соңды асфальтталмаған.
Атап айтқанда, жаңа жол салу жұмыстары қаладағы бірнеше шағын ауданды қамтиды. Бұл бағыттағы жобалар 6 бағытқа бөлініп, жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайды. Жоба аясында елді мекендердегі көше жолдарын ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.
Сала мамандарының айтуынша, қаланың ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары көктемде басталған.
Қазіргі таңда Ертістің сол жағалауындағы Крестьянская көшесінде асфальт төсеу жұмыстары басталды. Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі көшпелі баспасөз мәслихаты аясында жол құрылысының барысымен танысты.
– Қала тұрғындарының өтініштері ескеріліп, жол төсемдері қалпына келтірілуде. Ойық-шұңқырлар жамалып, асфальт төсеуге дайындық 9 көшеде жүргізілуде. Жалпы жолдарды ретке келтіру жұмыстары Семейде қарқынды жалғасып жатыр, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әділбек Увасилов.