Семей қаласында 30 жылдан астам уақыт бойы варикозбен ауыратын науқасқа лазерлік ота сәтті жасалды

Семей қаласындағы «Жан-Ер» емдеу-диагностикалық орталығында төменгі аяқ көктамырларының варикоздық кеңеюін емдеудің заманауи, аз инвазивті әдісі – лазерлік ота сәтті жүргізілді. Науқас Шолпан Кучубаева варикоз ауруымен 30 жылдан астам уақыт бойы ауырып келген. Аяқтағы ауырлық, ісіну, құрысу және тұрақты ауыру сезімі оның күнделікті өміріне кері әсерін тигізген. Емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында «Жан-Ер» клиникасына жатқызылып, эндовенозды лазерлік абляция (ЭВЛА) отасы жасалды.
Ота лазерлік әдіспен, заманауи медициналық талаптарға сай жүргізілді. Бұл әдіс – варикозды емдеудегі ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілдердің бірі ретінде әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Лазер сәулесі арқылы зақымданған көктамыр ішінен өңделіп, ол толық жабылады да, қан айналымы сау тамырлар арқылы қалпына келеді. Ота шамамен 30–60 минутқа созылады, жалпы анестезия мен тігіс қажет емес. Науқас сол күні-ақ өздігінен жүріп, күнделікті тіршілігіне қайта оралуға мүмкіндік алады. Мұндай ем ақылы түрде 250 000 теңгеге жуық қаржыға түсетін еді, алайда Шолпан ханымға ол МӘМС жүйесі аясында тегін жүргізілді.
Отаның нәтижесі – өте жақсы. Науқастың жағдайы алғашқы күннен-ақ оңала бастады: аяқтағы ауырлық, ісіну мен құрысулардың азайғаны байқалады. Алдағы уақытта оған 2–6 ай көлемінде мамандардың бақылауында болу, арнайы компрессиялық трикотаж кию және тиісті өмір салтын сақтау ұсынылады.
Варикоздық ауру – Қазақстанда ең кең таралған тамыр ауруларының бірі. Елде әрбір үшінші ересек адам бұл дерттің белгілеріне тап болады. Әйел адамдар, әсіресе 40 жастан асқандар арасында жиі кездеседі. Абай облысында да бұл мәселе өзектілігін жоғалтпаған. Көбіне отырықшы өмір салты, тұқымқуалаушылық пен физикалық белсенділіктің аздығы варикоздың даму себебіне айналады.
Эндовенозды лазерлік абляция сынды заманауи технологиялар арқылы варикозды емдеу бүгінде қауіпсіз, тиімді әрі қолжетімді болып отыр. «Жан-Ер» секілді аймақтық клиникаларда мұндай әдістердің енгізілуі – өңір тұрғындарының дер кезінде және сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Шолпан Күшүбаеваның оқиғасы – бүгінгі медицина адам өмірін қалай өзгерте алатынының жарқын мысалы.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кеңеюі – тұрғындардың қымбат әрі жоғары технологиялық медициналық қызметтерге тегін қол жеткізуіне жол ашуда. Бұл – әсіресе, ірі қалалардан шалғай орналасқан аймақ тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Енді заманауи оталар тек Астана немесе Алматыда ғана емес, Семей сынды өңірлік орталықтарда да сәтті жүзеге асырылуда.