«Денсаулық аралшығы»: Сауда орындарында 300-ден астам адам тексеруден өтті

Үш күн бойы Семей қаласында «Денсаулық аралшығы» акциясы өтті. Шараны ұйымдастырғандар — «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы, Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасы, Абай облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы және қалалық емханалардың дәрігерлері.
Акция қаланың адам көп шоғырланатын орындарында — «Апрель» және «Арғымак» сауда-ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ «Мереке» базарында өткізілді.
Кез келген тұрғын денсаулығын тегін тексертіп, мына қызметтерді ала алды:
- артериялық қан қысымын өлшеу,
- қандағы қант пен холестерин деңгейін анықтау,
- бой мен салмақты өлшеу,
- жалпы тәжірибе дәрігерінен кеңес алу.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді — тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға толық жауап алды.
Акция қорытындысы бойынша:
• 300-ден астам адам тексеруден өтті;
• 8 тұрғыннан жоғары қан қысымы анықталды;
• 3 адамның қандағы холестерин деңгейі жоғары болып шықты.
Барлық азаматтарға тіркелген емханасына жүгіну жөнінде ұсынымдар берілді және қажет болған жағдайда алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Қала тұрғындары дәрігерлерге ризашылығын білдірді:
«Кезексіз, сауда орталығында кеңес алу өте ыңғайлы екен», — дейді семейлік тұрғын Алия Қ.
«Дәрігерлер тексеріп қана қоймай, бәрін түсінікті түрде айтып береді — рахмет», — дейді зейнеткер Қайрат Ж.
Ұйымдастырушылар мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Мақсат — медициналық көмекті халыққа барынша жақын, түсінікті әрі қолжетімді ету.