Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Облыс эпидемиологтары құтырма дертінің алдын алу маңыздылығын ескертті

2025 жылы Абай облысында адам құтырмасына шалдығудың алғашқы дерегі тіркеліп, қайғылы жағдаймен аяқталды. Аурудың себебі — иттің тістеуі.

Оқиға ауылдық аудандардың бірінде орын алған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 70 жастағы ер азамат өзін күрт жайсыз сезініп, медициналық көмекке жүгінген. Кейін анықталғандай, оны бір ай бұрын ит тістеп алған. Алайда зардап шегуші уақытылы дәрігерге бармай, алдын алу екпесін салдырмаған.

— Науқас ауруханаға клиникалық белгілер анық байқала бастаған кезде ғана түсті. Бұл кезеңде вирус орталық жүйке жүйесін зақымдап, дертті емдеу іс жүзінде мүмкін болмай қалады, — деп түсіндірді Абай облысы санитариялық-эпмдемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері Қазақстанда адамдар арасында құтырма салдарынан екі өлім оқиғасы тіркелген. Екеуі де жануарлар тістегеннен кейін орын алған. Соңғы осындай жағдай 2022 жылы тіркелген болатын.

Медицина мамандарының айтуынша, құтырма — өлімге алып келетін аса қауіпті вирустық инфекция. Адам өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы — алғашқы белгілерді күтпестен, дереу дәрігерге жүгіну және толық вакцинациядан өту.

— Жануар тістеп алса, тырнаса немесе сілекейі тисе, ол үй жануары ма, әлде қаңғыбас па — маңызды емес, міндетті түрде шұғыл түрде медициналық мекемеге қаралу қажет, — деп ескертеді дәрігерлер. — Өзін-өзі емдеуге тырысу немесе уақыт өткізіп, симптомдарды күту — өмірге тікелей қауіп.

Сондай-ақ мамандар үй жануарларының иелеріне оларды уақытылы егуді, қараусыз далада жүруіне жол бермеуді ескертеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде инфекция жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, сақтық шараларын қатаң сақтау қажет.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button