Семейдегі әскери бөлімге жас офицерлер келді

Кеше ғана курсант болған жас жігіттер бүгінде әскери бөлімдерде – нағыз командирлер. Олар енді взводқа, сарбаздарға, болашаққа жауапты. Бұл – жай ғана лауазым емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыштың басталуы!
Ұлттық ұлан Академиясының түлектері Семей, Өскемен және Павлодар гарнизондарындағы әскери бөлімдердің сапын толықтырды. Жас офицерлер алғашқы қадамдарын сеніммен бастады – олар взвод командирлері мен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі рота командирінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды.
Қызметке кіріскен күннен бастап жас лейтенанттар үшін арнайы оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында олар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пысықтап, жауынгерлік дайындық, әскери нарядтар мен қарауыл қызметін ұйымдастыру, бөлімшелердегі тәрбие жұмыстары, әскери құжаттармен жұмыс істеу сынды маңызды бағыттар бойынша машықтанды.
Жиынның басты мақсаты – жас офицерлерді өз мамандықтарына сай бөлу және оларды командир ретінде қалыптастырудың алғашқы қадамына жол ашу, – дейді әскери басшылық’.
Кез келген әскери бөлімнің іргесі – офицердің беделімен қаланады. Сол себепті жас лейтенанттарға тәрбие мен идеология, тәртіп пен әділдік тұрғысынан нақты бағыт-бағдар берілді.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев жас офицерлермен арнайы кездесіп, жас буынға Отанға адал болу, әділдік пен абыройды серік ету – нағыз офицердің басты қасиеті екенін жеткізді.
Сіздер — армияның болашағысыздар. Сіздерге қарап сарбаз қалыптасады, бөлім беделі артады. Еліңе, жеріңе қызмет ету — ең ұлы миссия! – деді қолбасшы.