Мұра жалғастығы – болашаққа берік көпір: Абай облысында жас полицейлерге алғашқы куәліктер ардагерлердің қолынан табысталды

Абай облысы Полиция департаментінде ерекше рухани мәні бар жиын өтті — бұл күн жас буын мен ардагерлердің жүректерін жақындастырған шынайы ұрпақ сабақтастығының сәті болды.
Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсім – тек ресми шара емес, бұл – адалдықтың, абыройдың, қызметке деген адал ниеттің көрінісі.
Өздерінің қызметтік жолын жаңадан бастаған 25 жас маман алғаш рет полиция куәліктерін салтанатты түрде қабылдады. Алайда бұл құжат – жай ғана пластиктен жасалған карточка емес, бұл – ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін алынған жауапкершілік анты, адал қызметке алғашқы қадамның нышаны.
Жастарға куәліктерді ішкі істер саласында өмірін арнаған ардагерлердің өз қолымен табыстауы – нағыз символикалық сәт. Бұл рәсім – қызметке кірісіп жатқан әрбір жас полицей үшін үлкен мақтаныш пен шабыт көзі.
— Сіздер – еліміздің болашағы, құқық қорғау саласының жаңа беттері. Бұл жол – ерлік пен әділдік жолы. Әр қадамдарыңыз ел алдындағы борышпен өлшенеді, – деді Департамент бастығының орынбасары Ернар Базаров жас қызметкерлерге қарата.
Шара барысында ардагерлер өткеннің өнегелі сәттерімен бөлісіп, жас ұрпаққа жүрекке жетер ақыл-кеңестерін айтты. Милиция подполковнигі, зейнеткер Раиса Косубаева жас офицерлерге мұрагерлік дегеннің – құр ұран емес, нақты іс пен үлгі екенін ерекше атап өтті.
Жаңа сапқа қосылған полиция лейтенанты Ерасыл Талаптан жүрекжарды лебізін жеткізді:
— Полиция қатарына қабылдану – мен үшін үлкен мәртебе. Ұстазымның қолдауы мен бағыт-бағдары – мені батыл қадамдарға жетелейді, – деді ол.
Шара соңында ардагерлерге жас буынды тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпірдің, рух пен рухтың үндестігінің шынайы белгісі болды.