Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік: СҚО-ның озық тәжірибесі зерттелді
Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев бастаған делегация Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында Білім, Цифрлық технологиялар басқармаларының, білім бөлімдері мен мекемелерінің басшылары, сондай-ақ бизнес және мәдениет саласының өкілдері болды.
Сапардың негізгі мақсаты – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында білім беру мекемелерін сенімгерлік басқаруға берудегі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін зерттеу. Бұл инфрақұрылымды жаңғыртуға, білім беру сапасын арттыру мен мектептегі тамақтануды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, делегация оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектті енгізудің инновациялық жобасымен танысты.
Сапар барысында Абай облысының өкілдері Қызылжар ауданы Петерфельд ауылындағы «Қызылжар Абай орта мектебі»корпоративтік қоры, С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясы, №25 орта мектеп, №2 мамандандырылған мектеп-интернат, оқушылар сарайы және Петропавл қаласының креативті орталығы сияқты бірқатар білім беру және мәдени мекемелерінде болды.
Сапар іскерлік байланыстарды нығайтып, өңірлер арасындағы ынтымақтастыққа негіз болатын перспективалық идеялармен алмасуға бағытталған.