Абай облысыҚоғамМерекеТОП

Абай облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады

14 наурыздан бастап республика бойынша әр тақырыптық күнге бөлінген Наурызнаманың онкүндігін тойлау басталады. Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Наурыз мерекесін тойлаудың тұжырымдамалық жаңа жоспары әзірленгенін баяндады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

  • Биыл еліміздің жаңаруы мен жаңа құндылықтарын қалыптастыру жұмыстарының аясында Наурыз мейрамын бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде атап өтудің жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманың басты мақсаты – мерекенің бірыңғай тәсілдерін жүйелеу және әзірлеу болып табылады. Осыған байланысты Наурыз мерекесінің бірегей жаңа логотипі бекітілді, – деп атап өтті Айдар Садырбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы ағымдағы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында міндетті түрде Наурызнаманың онкүндігі ұйымдастырылатындығын айтты.

  • Биылғы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Әр күннің символдық және идеологиялық бағыттарға терең бойлайтын өзіндік мәні бар. Абай облысында Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, 350 іс-шара жоспарланды. Олардың барлығы жаңа тұжырымдамаға сай ұйымдастырылмақ, – деп қорытындылады Айдар Садырбаев.

Жоспарланған 350 іс-шараның ішінде әр ауданнан 500-ге жуық азаматтың басын қосатын «Аялы әже» облыстық форумы өтеді. Іргелі форум отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Бұл ретте қайырымдылық пен жомарттық тақырыбында марафондар мен челленджер жоспарланған. Бұдан бөлек, «Ұлттық киімге құрмет» челлендждері, Семей қаласындағы сауда үйлерінде «Saukele fashion», «ЭТНО-FASHION» ұлттық киімдердің сән көрсетілімдері, «Наурыз аруы – 2024», «АТА ЖОЛЫ – АҚ БАТА байқаулары өткізіліп, жаңа туған сәбилердің ата-аналарына «НАУРЫЗ-БАЗАРЛЫҚ» естелік сыйлықтары табыс етілетін болады.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Толқын Берікбекованың айтуынша, негізгі шаралар 21-23 наурыз аралығында қалалар мен аудандардың орталық алаңында өтеді.

  • 21-і наурызда облыс орталығының шеткі аймақтарында Наурыз мейрамын тойлауға арналған салтанатты шаралар өтеді. Мерекелік бағдарламаны Бобровка кентіндегі №44 мектеп, Шығыс кентіндегі №45 мектеп, Комсомол кентіндегі №33 мектеп, Суықбұлақ кентіндегі №48 мектеп, Дальный ауданындағы №38 мектеп алаңдарынан тамашалай аласыздар. 22 наурыз күні барлық қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық округтерде мейрам бұқаралық сипатта өтеді. Күндіз және кешке жұртшылыққа эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттер ұсынылады, – деп түйіндеді сөзін Толқын Берікбекова.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button