Екі құрама бұған дейін аталған турнирде екі мәрте кездесті. Оның екеуінде қанадалық хоккейшілер жеңіске жетті. Дегенмен, бүгін қазақстандық хоккейшілер соған өзгеріс енгізуге жақын болды.
Алдымен есепті канадалық хоккейшілер ашты. Ойынның 6-минутында канадалық Эндрю Манджапане есеп ашса, 21-минутта Оуэн Пауэр есепті үстемелей түсті.
Ал қазақстандық Никита Михайлис 24, 41-минуттарда мергендік танытып, таразы басын теңестірді.
Одан кейін канадалық хоккейшілер құрамынан Коул Перфетти 47, Коннор Браун 59-минуттарда гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы биылғы турнирде бұған дейін төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті.
Алдымен буллиттен Латвиядан 2:1, Финляндиядан 3:2 есебімен басым түссе, одан кейін АҚШ-қа 0:3 есебімен есе жіберді. Төртінші кездесуде Германияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан құрамасы енді ертең, 29 мамырда Италиямен кездессе, 31 мамырда Норвегиямен шеберлік байқасады.
Semey News