Абай облысының құрамасы робототехникадан Орта Азия чемпионатына жолдама алды
Алматы қаласы Tamos мектебінде робототехника бойынша FIRST Championship өңірлік іріктеу чемпионаты өтті. Чемпионатқа елімізден 38 команда қатысты. Екі күндік жарыста Абай облысының “АLASH” құрамасы топ жарып, жүлделі ІІ орын иеленді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Чемпионат Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам қатысушылардың басын қосты. Үш бағытта өткен жарыста қатысушылар өнер тақырыбы бойынша өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды және арнайы жабдықталған алаңдардағы Роботтар шайқасында шайқасты.
Чемпионаттағы үздік командалар ақпан айының соңында Астанада өтетін FIRST Орталық Азия кезеңіне жолдама алды. Облыс командасы Азия чемпионатында республика намысын қорғайды.
“ALASH” құрамасы ұсынған “Феникс” роботы кіші көлемде құрастырылған. Өзге өңір командаларынан пиксель жинау, ұшақ ұшыру және турникке тартылудан үздік нәтиже көрсеттік,- дейді команда жетекшісі.
Электротехникалық колледж студенттері мен Абай ауданы Ш.Әбенов атындағы мектеп оқушыларынан жасақталған команда құрамы: колледж студенттері – Азамат Бейбітұлы, Нестеренко Руслан, Нұрбол Жүнісов, Бекжан Қорғамбаев.
Мектеп оқушылары: Ералы Сырымұлы, Санжар Асқарұлы, Елдар Оразбеков, Жанболат Қайроллаев.
Жетекшісі: Нұрікенов Ерасыл Айбекұлы.
Айта кетейік, чемпионат 0Ф USTEM Foundation ұйымдастыруымен және Тамос мектебі мен Qstem Education қолдауымен ұйымдастырылды. 38 командадан Орта Азия ойындарына 5 команда жолдама алды. Орта Азия ойындары 2024 жылғы 24-28 ақпан аралығында Астана қаласында өтеді.
Semeynews.kz