Жарма ауданының дамуы туралы Жарқынбек Байсабыров айтып берді
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров БАҚ өкілдеріне баспасөз-мәслихатын өткізді. Аудан басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуыға тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы баяндады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жанғызтөбе кентінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстарына 168,2 млн теңге бөлініп, жұмыстар аяқталған. Бірлік, Шалабай, Шекембай аулындағы көшелер орташа жөндеуден өтті.
Қалбатау ауылындағы Әбдірахманқызы және Әлімбетов көшелеріне 337,7 млн теңге қарастырылып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен 540,5 млн теңгеге аудандық маңызы бар Бірлік – Қаражал жолына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
- Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, пилоттық жоба ретінде Шар қаласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. 5 жылға жалпы құны 18,6 млрд теңгені құрайтын 83 іс-шара жоспарланған. Жол картасы шеңберінде алдағы жылы қалада жүзу бассейнінің құрылысы, 2 пәтерлі 2 тұрғын үй мен 24 пәтерлі көпқабатты үй салу, жарықтандыру, жол жөндеу, абаттандыру бойынша жобалар жоспарланған, деді Жарқынбек Байсабыров.
Шар қаласындағы орталық көшені орташа жөндеуге 288,5 млн теңге бөлініп осы жылы басталды, жөндеу жұмыстары толықтай келесі жылы аяқталады.
Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен несимен қамтамасыз етуге 301 млн теңгені құрайтын 42 жобаның құжаттары «ӘКК Семей» АҚ тапсырылған. Қаражат жыл соңына беріледі деген жоспар бар.
Өңірлердегі өзекті мәселе халықты баспанамен қамту жұмыстары ауданда тиімді жүзеге асып жатыр.
Көп балалы аналар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда.
«Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға Қалбатау ауылынан 30 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй, 25 екі пәтерлі тұрғын үй және Шар қаласынан 5 екі пәтерлі тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінді.
Көпқабатты үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым сатып алуға бюджеттік өтінім тапсырылып, ұлттық қордан (480,0 млн теңге), республикалық бюджеттен (288,0 млн теңге) және облыстық бюджеттен (256,1 млн теңге) қаражат бөлініп, игерілуде.
- Жыл басынан бері Қалбатау ауылында екі пәтерлі – 25 тұрғын үй, Шар қаласында екі пәтерлі – 5 тұрғын үй қолданысқа беріліп, жалпы кезекте тұрған 50 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Қалған 3 қабатты 30 пәтерлі үй желтоқсан айының басында пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылы жиыны 90 отбасы жаңа баспанаға ие болады деп жоспарлануда, – деді Жарқынбек Байсабыров.
Semeynews.kz