Абай облысыБілімҚоғамТОП

«Республика мақтаныштары»: Мақсат Еркінов

17-21 сәуірде Ақмола облысы Щучинск қаласының «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты VI Республикалық жас мұғалімдер байқауы өтті. Байқауға қатысушыларға үш тапсырма ұсынылды. Атап айтқанда, олар «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазып, өздерінің шығармашылық жолдары туралы өзіндік презентация ұсынып, бейтаныс сыныпта ашық сабақ өткізуі керек болды. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 60-қа жуық жас мұғалім қатысты. Осындай ауқымды конкурсқа қатысушылардың бірі «Жігерлі ұстаз» номинациясында жеңіске жеткен жерлесіміз Мақсат Еркінов болды.

«Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды, бәрі керемет болды. Мен оған қаңтар айынан бастап дайындала бастадым. Байқауда мен оқушыларды бағалау әдісін «Чемпиондар тақта» және сабақты бекітуге «Қап, бәлем!» ойынын ұсындым. Ақпан айында байқаудың аудандық кезеңі өтті, содан кейін бас жүлдені жеңіп алып, облыстық кезеңге аттандым. Сәуір айының басында мен облыстық кезеңге қатысып, ІІІ орын алып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алдым. М.Әуезов атындағы Көкжыра орта мектебіне, Ақсуат ауданының білім бөліміне және облыстық инновациялық-әдістемелік орталығына осы байқауда қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын!»,- дейді Мақсат.

Мақсат Еркінов Көкжыра ауылының тумасы, 2003-2014 жылдары жергілікті мектепте білім алған. Орта білімін аяқтағаннан кейін 2014 жылы Семейдегі Шәкәрім атындағы университетінің жаратылыстану-математика факультетіне “Биология” мамандығы бойынша оқуға қабылданып, 2018 жылы жоғарғы оқу орнын үздік аяқтаған. Кейінірек, 2019-2021 жылдары осы университетте Мақсат «”География» мамандығы бойынша білім алды. 2021 жылы оқуын аяқтағаннан кейін Мақсат туған мектебіне оралып, географиядан сабақ бере бастады.

«Дінмұхамед Қонаев атамыздың: «Өмірдің екі тірегі бар: біріншісі — үйренуден жалықпау, екіншісі — үйретуден аянбау» деген сөздері бар. Бұл сөздер тікелей мұғалімдерге айтылған көрінеді. Себебі, үйренуден жалықпау және үйретуден аянбау ұстаздарға тән басты қасиеттердің бірі. Менің бұл мамандықты таңдауымның  бір себебі балалық арманым болса, екінші себебі осы деп білемін», – дейді Мақсат.

Оның айтуынша, әрбір жас маманның арманы – жақсы ұстаз болу.

«Жақсы ұстаз деген – өз пәнін жетік білетін адам емес, оқушыларға жақсы тәрбие бере отырып оқытатын адам. Әрине, жақсы мұғалім болу үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлықты қажет етеді. Егер Қазақстанның әрбір мұғалімі өзінің ақылдылығымен, жан — жақтылығымен және білімімен оқушыларға үлгі болса, онда білімді оқушылар саны күн сайын артады», – дейді педагог.

«Менің оқушыларым аудандық және облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарының қатарына кірді. Енді жаңа мақсат – республикалық және халықаралық ғылыми жобалар конкурстары мен пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болу. Қазіргі уақытта біз осы мақсатқа жету үшін оқушыларыммен жұмыс істеуді жалғастырудамыз», – деп қорытындылады Мақсат Еркінов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button