
Анықталғандай, «Шығысэнерготрейд» компаниясының алдында Жарма ауданы әкімдігі тарапынан 1 миллион 800 мың теңге сомасында қарыз жиналған. Қарыздардың салдарынан бірқатар мемлекеттік мекемелерді электр қуатынан ажыратуы мүмкін. Білім беру мекемелеріне де қауіп төніп тұр.
– Биыл жазғы мектеп болады деп жатыр. Электр энергиясын өшірсе интернет болмайды және техниканың істен шығуы мүмкін. Ал бағдаршамдардың өшірілуіне байланысты жолда апаттық жағдайлар туындайды, бұл қарапайым адамдардың өміріне қауіп төндіреді, – дейді , – дейді Серік Байғалиев.
Екі айдағы электр энергиясы үшін аудан бойынша қарыз сомасы 13 328 666 теңгені құрап отыр. Бұл туралы компания өкілі аудан әкіміне ресми хат жолдап, хабардар еткен.
– Бірқатар мемлекеттік мекемелердің тарапынан келісім-шартта көрсетілген электр энергиясының төлем мерзімі бұзылып отыр. Пайдаланылған электр энергиясы уақытында төленбеді немесе жартылай ғана төленген. Аудандық мекемелердің және кәсіпорындардың электр энергияға борышы наурыз, сәуір айларына 13 миллион 328 мың 666 теңгені құрайды, – деп көрсетілген «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің Жарма учаскесінің сату жөніндегі менеджері Ш. Есенгулованың ресми хатында.
Аталмыш жағдайдың мән-жайын білу үшін біз Жарма ауданының әкімдігіне хабарластық.
– 2021 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде Жарма ауданының елді мекендерін жарықтандыру бойынша шығыстар облыстық бюджет есебінен қарастырылды (облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы трансферт түрінде). Бұл қаражаттардың нысаналы мақсаты айқындалмаған. Осыған байланысты, аудан бюджетін нақтылау кезінде наурыз және мамыр айларында тиісті қаражат бөлінді. Мектептер мен балабақшалар бойынша да қажетті қаражат қарастырылған, қарыздар маусым айына дейін өтеледі. Бүгінгі күнге мектептерді электр көзінен ажырату жағдайлары жоқ, – деді аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.
Semey News