Абай облысының Көкпекті ауданында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында құрылған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық әл-ауқаты түзеліп келеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Көкпекті ауданында бағдарлама шеңберінде орталық көше алаңдары жаңартылып, аймаққа қарасты ауылдық округтердің ішкі жолдары жөнделген. Атап айтқанда, аудан орталығының басты көше бойлары абаттандырылды.
Сондай-ақ Көкпекті ауылының Авдеев, Уәлиханов, Цепура, Бейсембаев, Фахрутдинов, Кегенбай би көшелерінің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі жоба бойынша мердігер «Көкпекті жолдары» ЖШС компаниясы жұмыстар атқаруда. Жобаға 182 млн. теңге қаражат бөлінген.
- Біз Фахрутдинов көшесінде көп жылдан бері тұрып жатырмыз. Осы уақыт ішінде бұл көше бұлай жөнделмеген. Жауын-шашында аяғымыз батпаққа батса, ашық күндері борпылдақ шаңға көмілетінбіз. Көшеміз жөнделіп, асфальт төселгелі жатқанын естіп қуанып жатырмыз, – деді ауыл тұрғыны Ғалия Адылханова.
Жоба бойынша жолдың 3 км қашықтығы жөнделетін болады. Жол құрылыс жұмыстары 1 тамыздан басталған. Қазіргі уақытта мердігер компания жол төсемін тегістеуге кіріскен. Бұл жұмыстар аяқталған соң асфальт жайылатын болады.
Semeynews.kz