Бүгін Абай облысы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына Абай облысы мәслихатының төрағасының міндетін атқарушы Уалихан Майжанов, Абай облысы әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Сәрсебаев, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Күн тәртібінде Абай облысы мәслихатының облыстық бюджет туралы шешіміне өзгеріс енгізу, облыстағы ортақ су пайдалану ережелерін белгілеу, Абай облысы жер комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу, қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық – құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік, өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссиясын құрамын бекіту туралы мәселелер қаралды.
Отырыс барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы баяндама жасап, бюджетке қосымша 692 446,9 мың теңге сомасында қаражат қажет екенін айтты. Оның ішінде: әлеуметтік саланың шығындарына – 366 174,8 мың теңге, «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жылу және сумен жабдықтау желілерін ағымдағы жөндеуге – 124 404 мың теңге, оңалтудың техникалық құралдарын сатып алу – 51 218 мың теңге, Жарма ауданындағы аумақтық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына инватакси сатып алуға – 28 560 мың теңге, нысандардың құрылысын аяқтауға – 213 599 мың теңге, оның ішінде Үржар ауданы, Қаратұма ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы бар әкімшілік ғимаратына – 90 567 мың теңге, Көкпекті ауылында жүзу бассейнін аяқтауға – 123 032 мың теңге.
«Қоршаған ортаны қорғау шараларына – 24 771,4 мың теңге, атап айтқанда Новопокровка ауылындағы Жура өзенінің арнасын тереңдетуге – 3 986,4 мың теңге, орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағы мекемесінің материалдық-техникалық материалдық техникалық жабдықтауын нығайтуға – 20785 мың теңге қажет», – деді Роза Құдайбергенқызы.
Одан әрі қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық – құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік, өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрамы бекітілді.
Консультативтік-кеңесші органның құрамына денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, білім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, жер қатынастары, дене шынықтыру салаларында басқаруды және үйлестіруді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган басшылары, сондай-ақ қылмыстық жазаларды орындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөліністерінің басшылары және келісім бойынша прокуратура өкілдері, мәслихат депутаттары кіреді.
«Кеңесші органның міндеттеріне жергілікті атқарушы органның өзара іс-қимылын үйлестіру, сотталғандардың арыздары мен өтініштерін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігінің уақтылы және дұрыс шешуіне көмек көрсету, жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері комиссиясының қызметіне қатысуы, сотталғандарды ұстаудың коммуналдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық жағдайын жақсартуға көмек көрсету жөніндегі ұсыныстарды қарау жатады», – деп атап өтті Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айман Нұрлыбек.
Жиын мәслихат депутаттарының депутаттық сауалымен жалғасын тапты. Мамырбек Қарашев Үржар ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бар тіршілік көздерін егіншіліктен табатын жергілікті дихандардың қазіргі проблемалары өздері өндіретін өнімдерінің құнының төмендеуіне байланысты орын алуда. Барша Үржар ауданы шаруа қожалықтарының сауалы – қашан бидай мен күнбағыс бағасы тұрақталады деп өз сауалын жолдады.
Сөз соңында Абай облысы әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Сәрсебаев тамыз айының ортасында жылу беру маусымына дайындық барысы тексерілетінін атап өтті. Жылу желілеріне жүктеме артқандықтан, тарифтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Semeynews.kz