Осыдан бірнеше ай бұрын Бішкектен Ыстанбұлға ұшып келе жатқан қазақстандық нәрестенің жүрегі сыр беріп, тоқтап қалады. Мұны естіген борттағы түрік депутаты әрі дәрігер Режеп Шекер жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасап, сәбиді аман алып қалады. Оқиғамен таныс болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Шекерге «Ерекше батылдығы үшін» алғыс хатын жөнелтті. Президенттің марапатын Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік парламентінде табыстап, жүрек жарды алғысын білдірді.
Салтанатты шараға Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің депутаттары мен қызметкерлері қатысты.
Өз кезегінде Режеп Шекер: «Әрбір оқиғаның өзіндік мәні бар» деп, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді.
«Оқиғаның болғаны өкінішті. Дегенмен, нәтижесі жақсы. Нәрестелердің отбасымен хабарласып тұрамыз. Тіпті бірнеше күн бұрын бейне жолдапты. Салмақ қосыпты. Аман болсын. Екі елдің бауырластық және достық қатынасына себепші болды. Ілтипат білдірген Президент Қасым- Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіріп, бірер күн бұрын өткен туған күнімен құттықтаймын»,- деді дәрігер Режеп Шекер.
Semey News