Абай облысыҚоғамСемейТОПТуризм

Абай облысының Абай ауданында туризм дамуда

Абай ауданы аумағында жиыны 8 музей, 40 ескерткіш, 40-қа жуық саябақ пен аллея және «Абай жолы» роман-эпопеясында жазылған 100-ден аса тарихи орын бар, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Олардың қатарында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы, ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ, Құнанбай баба әулеті жерленген Ақшоқы қорымы, Қоңыр әулие үңгірі және өзге де нысандар бар.

Бүгінде ауданда халыққа және туристерге қызмет көрсету бағытында 5 қонақ үй, 14 кафе, жол бойында тамақтанатын 5 орын жұмыс істеуде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы ауданға туристік сапармен 24 225 адам, 2022 жылы 34 553 адам келген. 2022 жылы туристердің саны 2021 жылмен салыстырғанда 142 пайызға артқан немесе 10 328 адамға көп.

Жылдан-жылға ауданға келуші туристердің саны көбейіп келеді. Ішкі туризмнің басым бөлігін жоғары және арнайы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары құрайды. Туристердің басым көпшілігі көктем, жаз және күз айларында келеді.

Ауданға келетін туристерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында 2022 жылы ауданда біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен туристердің қызығушылығын арттырып, этнотуризмді дамыту мақсатында Сырт Қасқабұлақта қазақ үй тігіліп, халыққа ұлттық тамақтар ұсынылды. Жидебайға бұрылыста да жеке кәсіпкер қазақ үй тігіп, келушілерге ұлттық тағамдар мен естелік сыйлықтар ұсынды.

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Еңлік-Кебек» ескерткішіне  жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылды. Зиярат кешенінің ауласы абаттандырылып, қос ғашыққа  арналған ескерткіш қоладан қайта жасалды. Жүрек формасындағы арт кескіндеме орнатылды. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана, Қарауыл және Қасқабұлақ ауылдарындағы М.Әуезов ескерткіштері ағымдағы жөндеуден өтті.

2023 жылы ауданда туризмді дамыту бағытында біршама жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Жидебайда туристік бағытта қызмет ететін кәсіпкерлер санын арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жеке кәсіпкер Жидебайға бұрылыстағы қазақ үйлер санын арттырып, бие байлап, қымызхана ашуды жоспарлауда.

Жидебай басында этноауыл ашу (ұлттық тағамдар, қымыздан балмұздақ жасап сату, қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар сату), тамақтану орындарының санын арттыру, Абай мұражайы жанынан қазақ үй тігіп, атпен серуендеу,  суретке түсіру қызметін көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ   жеке кәсіпкердің бастамасымен Қоңыр әулие үңгірінен 2 шақырым жерде Шаңырақ әулие үңгірін туристік орын  ретінде ашу көзделіп отыр.

Туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу туризмнің дамуына септігін тигізетіні анық. Сол мақсатта облыстық бюджет қаражаты есебінен Семей–Қарауыл жолының Ақшоқы қорымына кіре беріс жолының 21 шақырымы орташа жөнделеді.

Қоңыр әулие үңгіріне апаратын жол Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар облыстық маңызы бар автомобиль жолының 144-198 км аралығын қамтиды. Аталған жолдың 144-154 шақырымы асфальтталған. 2023 жылы 44 шақырымына орташа жөндеуден өтеді.

Одан басқа, Бөріліден бастап жол бойында тамақтану орындары ашылады. 5 ауылдық округке интернет тартылып, республикалық, облыстық, аудандық жолдар жөнделеді.

Жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру аудандағы туризмді дамытуға серпін беретінін анық.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button