ҚазақстанҚоғамТағайындауларТОП

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өткен аптаның басты оқиғасы Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау болды. Осылайша мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторда, өңірлерде кадрлық тағайындаулар мен ауыс-түйістер басталды. ҚазАқпарат апта ішіндегі кадрлық тағайындауларға дәстүрлі шолуын ұсынады.

Премьер-Министр қызметіне Әлихан Смайылов қайта тағайындалды және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары лауазымында Роман Скляр қалды.

Ал ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметіне Мұрат Нұртілеу тағайындалды.

Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу 1976 жылы Алматы қаласында туған.1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.

Ол 1998-1999 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі, 1999-2003 жылдары – ҚР Малайзиядағы атташесі, 2003-2004 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, 2004-2006 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2007 жылы – ҚР Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы, 2007 жылы – ҚР Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары болған.

2007-2011 жылдары – ҚР Парламентінің Сенаты Аппаратының басшысы, 2011 жылы – ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2011 жылы – ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры, 2011-2014 жылдары – ҚР Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) тұрақты өкілдігінде кеңесші-уәкіл, 2014-2016 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2016-2019 жылдары – ҚР Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы, 2019-2021 жылдары – ҚР Президентінің көмекшісі, 2021-2022 жылдары – ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2022 жылғы қаңтарда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары және 2022 жылғы 1 ақпанда ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалған.

Премьер-Министрдің тағы бір орынбасары орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына Ғалымжан Қойшыбаев тағайындалды.

Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев, 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдаған.

1995-2004 жылдары ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесші-уәкілі болып қызмет еткен. 2004 жылы ҚР Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жанындағы өкілетті өкілі болған, 2004-2006 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Бас инспекторы, 2006-2008 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2008-2012 жылдары – ҚР Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Латвия Республикасындағы, Эстония Республикасындағы және Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2012-2016 жылдары – ҚР Финляндия Республикасы мен Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған.

2016-2019 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2019 жылғы 26 наурызда ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды.

2019 жылғы 18 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды. 2021 жылғы 18 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып қайта тағайындалды. 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып қайта тағайындалды. Ал 2023 жылғы 4 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Алтай Сейдірұлы Көлгінов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымында қалды.

Серік Мақашұлы ЖұманғаринҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев та ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі лауазымында қалды.

Министрлердің барлығы дерлік өз лауазымында қалды. Тек қана Энгергетика министрі қызметіне Алмасадам Сәтқалиев келді.

Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев 1970 жылы 31 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, механик, математик. Экономика ғылымының кандидаты. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.

1992 жылғы тамыздан – «ТаССат» ЖШС директоры, 1997 жылғы қыркүйектен – «ҚазТрансОйл» ҰМТК» АҚ менеджері, клиринг департаментінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі департамент басшысы, 1998 жылғы тамыздан – «ҚазТрансОйл» ҰМТК» АҚ басқарушы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті, 2001 жылғы қаңтардан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ қаржы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті болып еңбек еткен.

2003 жылғы қарашадан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті. 2006 жылғы мамырдан – «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ-ның «КЕGOC» АҚ бойынша топтың басқарушы-директоры, 2006 жылғы желтоқсаннан – «Самұрық» Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ электроэнергетикалық активтерді басқару жөніндегі директоры, 2007 жылғы қаңтардан – Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары, 2007 жылғы қыркүйектен – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ президенті, 2008 жылғы қазан айынан бастап – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті, 2009 жылғы желтоқсаннан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ-ның басқарма төрағасы болған.

2011 жылғы маусымнан – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры, 2012-2018 ж.ж. – «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма төрағасы, 2018-2021 ж.ж. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ активтерін басқару дирекциясының басшысы – басқарушы директоры, «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2021 жылдың наурыз айынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келді.

Бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Президент кеңесшісі болды.

Болат Ақшолақов1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша – экономист. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. 1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің активтерді басқару бөлімінің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметін атқарды.

1997-2003 жылдары «Қазақойл» ҰК» ЖАҚ Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менеджер, департамент директорының орынбасары, Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жөніндегі менеджері, қаржы директоры болып еңбек етті. 2003-2006 жылдар аралығында – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ БК-да үлесті басқару жөніндегі атқарушы директор, 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі болып қызмет атқарды. 2008-2011 жылдары – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, PSA ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды.

2012-2014 жылдары – ҚР Мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап – AlmexPetrochemical ЖШС бас директоры. 2016 жылдың ақпан айынан бастап – «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Энергетика министрі қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметіне Нұрлан Жақыпов тағайындалды.

Сонымен бірге, Президент Жарлығымен Олжас Бектенов ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы лауазымынан босатылды.

Олжас Абайұлы Бектенов1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы «Заңгер». ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған.

Ол 2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы, 2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы, 2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеді. 2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі, 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болды.

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылдың ақпанынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Асхат Жұмағали тағайындалды.

Асхат Жұмағалиұлы Жұмағали1979 жылы 19 тамызда Қостанай облысының Арқалық қаласында туған. 2000 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік бітірген. II дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған.

2001-2010 жылдары – прокуратура органдарында түрлі лауазымдарды, атап айтқанда Астана қаласы прокуратурасының бас маманы, ҚР Бас прокуратурасының алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, аға прокуроры, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі лауазымдарын атқарған.

2012-2014 жылдары – ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының кеңесшісі, тергеу департаменті және сыбайлас жемқорлық туралы істерді ашу және алдын алу департаменті бастығының бірінші орынбасары, тергеу департаментінің бастығы; 2014-2016 жылдары – ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі; 2016-2018 жылдары – ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясы ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры болған.

2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу департаменті басшысының орынбасары; 2019 жылдың қаңтар-шілде айлары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы; 2019-2021 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы; 2021-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы; 2022 жылы 7 наурыздан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Президент өкімімен Асқар Әмірханов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды.

Асқар Баймерденұлы Әмірханов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (1993 ж.) бітірген. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен наградталған. ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері. 2020 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры атағы берілді.

1995-2004 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік лауазымдарда қызмет атқарды; 2004-2022 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды; 2022 жылғы қаңтардан бастап – ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары болған.

Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастығы ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші лауазымына тағайындалды.

Мұрат Алтынғазыұлы Мұқышев 1983 жылы 8 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ұлыбританиядағы Бирмингем университетін бітірді. Дипломат мансабын 2006 жылы ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің референті болып бастады.

2007 – 2008 жылдары Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің атташесі, 2009 – 2011 жылдары Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2011 жылы ҚР-дың Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің екінші хатшысы, 2011 – 2012 жылдары ҚР СІМ Жалпыеуропалық ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы, 2011 – 2012 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің екінші хатшысы болған.

2013 – 2014 жылдары ҚР парламенті Сенаты Аппаратының халықаралық комуникациялар және хаттама бөлімінің бас консультанты, 2014 – 2015 жылдары Пекин қаласындағы ШЫҰ Хатшылығы жанындағы ҚР-дың Тұрақты Өкілдігінің бірінші хатшысы, 2015 – 2016 жылдары Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, 2016 – 2018 жылдары Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, 2018 – 2019 жылдары ҚР СІМ Азия-Тынық мұхит өңірі департаменті ШЫҰ басқармасының басшысы, 2019 – 2020 жылдары ҚР СІМ ШЫҰ қызметі жөніндегі Ұлттық үйлестіруші басқармасының басшысы, 2020 – 2021 жылдары ҚР СІМ Азия-Тынық мұхиты өңірі департаменті директорының орынбасары, 2021 – 2023 жылдары Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі болған.

2023 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі лауазымына тағайындалды. І сыныпты бірінші хатшы дипломатиялық дәрежесіне ие.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметіне Диана Айдарқызы Арысова тағайындалды. Ол экономика және қаржы бағытына жетекшілік етеді.

Диана Айдарқызы Арысова2016 жылдан 2023 жылға дейін «PSA» ЖШС-де мұнай-газ операциялары шоттарына ревизия жүргізу департаментінің директоры қызметін атқарып келді.

Әр жылдары «KMG Drilling&Services» ЖШС қаржы директоры, бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы, корпоративтік қаржыландыру департаментінің директоры, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінде энергетика саласындағы жобалардың үйлестірушісі лауазымдарында еңбек еткен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аппарат басшысы қызметіне Анархан Дүйсенова тағайындалды.

Анархан Қалиқызы Дүйсенова 1971 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Көкшетау медициналық училищесін, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Көкшетау облысындағы туберкулез диспансерінің зертханашысы болып бастаған.

1991-1994 жж. – балабақша медбикесі, 1994-2003 жж. – Чермошнянка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде патронаж мейірбикесі, 2003-2006 жылдары Тайынша аудандық мәслихатының хатшысы болып жұмыс істеді. 2006-2011 жылдары Тайынша ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2011-2014 жылдары «Нұр Отан» ХДП Тайынша аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

2014-2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды. 2017-2018 жж. – ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, 2018-2019 жж. – «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің директоры, 2019-2021 жылдары «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті, басқарушы директоры болды. 2021 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті.

Өңірлерге ойыссақ, Нұрлан НұрғабыловАлматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Нұрлан Талғатұлы Нұрғабылов 1988 жылы 29 сәуірде Алматы облысы Үштөбе қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (халықаралық құқық бакалавры), University of Dundee (халықаралық коммерциялық құқық магистрі) бітірген.

Нұрлан Нұрғабыловтың ҚР Әділет министрлігінде және ҚР Ұлттық банкінде мемлекет мүдделерін қорғау бөлігінде жұмыс тәжірибесі бар. Басқарушы директор лауазымында First Heartland JUSAN Bank АҚ, «АТФ банк» АҚ-да құқықтық мәселелерге жетекшілік етті, «БТА банк» АҚ-да активтерді қайтару бойынша жобаларға жетекшілік жасады. Әр жылдары халықаралық консалтингтік компанияларда (Ernst & Young Global Limited, Curtis, Mallet-Prevost, Colt&Mosle LLP, «Macleod Dixon»ЖШС) жұмыс істеген.

Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің Қаржы басқармасының басшысы болып Қанат Сухамбеков тағайындалды.

Қанат Сәдуақасұлы Сухамбеков 1992 жылы 17 тамызда Астанада туған. Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Қ. Сухамбековтың ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінде және Ақмола облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінде жинақтаған тәжірибесі бар. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.

Тағайындауға дейін Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Қайсар Абдалиев тағайындалды.

Қайсар Қайратұлы Абдалиев 2012 жылы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін «Емдеу ісі», 2017 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін ГЮУ университетін «Құқықтану» мамандығымен бітірген. Денсаулық сақтау министрлігінде 5 жылдан астам қызмет атқарған. Еңбек жолын 2013 жылы «Ұлттық кардиохирургия орталығы» АҚ стратегиялық жоспарлау және корпоративтік даму бөлімінде бастаған.

2016 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасы сарапшысының міндетін атқарушы, 2016-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті стационарлық медициналық көмек басқармасының сарапшысы, 2017-2019 жылдары медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болған.

Ал, 2019-2020 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының, 2020-2021 жылдары медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті стацилнарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2021 жылдан осы тағайындауға дейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Ерлан Тоқсанов тағайындалды.

Ерлан Виленұлы Тоқсанов 1966 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын педиатрия және Алматы менеджмент университетін іскерлік әкімшілік магистрі мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы облыстық балалар ауруханасында интернатурадан бастаған.

Әр жылдары облыстық балалар ауруханасының реаниматолог-дәрігері, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі, Бәйтерек ауданы Дариян аудандық ауруханасының бас дәрігері, облыстық клиникалық ауруханасының директоры, облыстық онкологиялық диспансердің директоры болды. Күні бүгінге дейін көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметін атқарды.

Сондай-ақ, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Наурызбай Қарағойшин тағайындалды.

Наурызбай Қадырбайұлы Қарағойшин 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зооинжинер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Жаңақала ауданы «Айдархан» кеңшарының аға зоотехнигі болып бастаған.

Әр жылдары Жаңақала аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, нұсқаушысы, Жаңақала ауданының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында басқарма төрағасы, бас зоотехник, директор, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары, Қаратөбе, Жәнібек, Жаңақала аудандарының әкімі болды. 2021 жылдан күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Айдар Башбаев тағайындалды.

Айдар Карбозұлы Башбаев 1972 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетін «тарих», І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облысындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы қоғамдық-саяси процестерді талдау және үйлестіру бөлімінің бас маманы, облыс әкімі аппаратының бас маманы – баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы қызметтерін атқарды. 2022 жылдың ақпанынан Қаратал ауданы әкімінің орынбасары болды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне Балмейір Сансызбайұлы тағайындалды.

Б. Сансызбайұлы 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану», Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Сайрам аудандық басқармасының бас маманы болып бастаған. 2016-2017 жылдары аталған департаменттің Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық басқармасының бөлім басшысы болған.

2019-2021 жылдары Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы. 2021-2022 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары лауазымында қызмет атқарған. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап осы кезге дейін Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры лауазымын абыроймен атқарып келді.

Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының жаңа басшысы – Әбілқайыр Байпақов атанды.

Әбілқайыр Байпақов Ш.Есенов атындағы Ақтау университетін, Халықаралық еңбек академиясын «Тарих және құқық», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің тарих және философия кафедрасының оқытушысы болып бастады.

2000-2020 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, «Нұр Отан» ХДП Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, Ақтау қаласының, Баянды ауылының әкімі,«Каспий» ӘКК ҰК АҚ әкімшілік департаментінің директоры, «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі, Қарақия ауданы әкімі аппаратының басшысы, «Каспий Битум» БК ЖШС кадрлар бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болды.

Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жаңа басшысы қызметіне Айнұр Манкешова тағайындалды.

Айнұр Манкешова Ш.Есенов атындағы Ақтау университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы «Қаламқасстройсервис» ҚК құрылыс жұмыстарының бригадирі болып бастады. 2018 жылға дейін құрылыс саласында, жеке секторда жұмыс істеді, инженер-құрылысшы, өндірістік-техникалық бөлім бастығы, бас сарапшы, бас директордың орынбасары, филиал директоры қызметтерін атқарды.

2018 жылы Бейнеу ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы, 2019 жылы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2019 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары болды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button