
Кеше Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен қалалық мәслихат төрағасы Данияр Шәкәрімов «Жарқын болашақ» түзету қызметтерін көрсету орталығына барды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қала әкімінің орталыққа барудағы негізгі мақсаты, «Инклюзивті дамыту саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша ҚР Президентінің “Аруана” арнайы сыйлығын иеленген Әлімжанова Арайлым Мағашқызын құттықтау. Сонымен қатар шаһар басшысы орталықтың жұмысымен танысты.
- Қазақстанның түкпір-түкпірінен әлеуметтік сипаттағы үздік 10 жобаға ілігіп, Семей қаласының абройын арттырдыңыз. Он жылға жуық осы салада қызмет жасап, талай бүлдіршіннің өмірде өз орындарының табуына жәрдемші болдыңыз. Сізге және сіздің ұжымға ерекше ықыласымды білдіремін, -деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
”Жарқын болашақ” орталығы – Семей қаласындағы аутистік ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мамандандырылған ең үздік мекемелердің бірі. Орталық 2015 жылдан бастап жұмыс жасайды. Орталықта балаларға білім және қоршаған орта және қоғам туралы түсініктер беріледі. Әр түрлі ойындар ойнау, маңызды ойлау және шығармашылыққа жататын іскерлік пен икемділіктерін арттырады.
Инклюзивті дамыту саласында орталықтың көрсетіп жатқан қызметтеріне қала басшысы оң баға беріп, алдағы уақытта қолдау танытуға ниетті екендігін атап өтті.
Semeynews.kz