Семейде Ертіс өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді
Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде бүгін мұзды ұсақтау шаралары басталды. Ең алдымен Мирный кенті маңындағы Ертіс өзенінде мұз кептелуі мүмкін жерге мұз жару жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
“Көктем – 2023” Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына Абай облысының әкімінің орынбасары Димитрий Гариков және қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.
«Су тасқынына қарсы шаралар шеңберінде бүгін мұздарды жару жұмыстарын бастадық. Сонымен қатар, бүгін Бейбітшілік аралындағы жағалауды нығайту жұмыстары, Купеческий көпірі маңындағы бұталар мен қамыстарды кесу, су бұру арналары мен арықтарды тазарту, қонақ үйлердегі халықты уақытша орналастыру пунктін тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда жеке секторлардағы үйлердің маңынан қарларды полигонға тасып шығару үшін 50 техника жұмыс жүргізіп жатыр. Қала бойынша су басу қауіпі бар аймақтардың саны – 15. Мұздарды жару үшін қажетті қаражат бөлінді. Егер қажет болған жағдайда біз резервтегі қаражатты бөлуге әзірміз» – деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Естеріңізге сала кетейік, Ертіс өзеніндегі мұзды ұсақтаудың жалпы ауданы 9340м3 құрайды. Семей қаласы бойынша көктемгі су тасу қауіпі бар аймақтар – «Пожарная Согра» және Шығыс кенті. Қазіргі уақытта осы тұрғын аумақтарында ұзындығы 500 және 700 метр болатын бөгеттер салынды.
Семей қаласы бойынша жағдай тұрақты. Ертіс өзенінің деңгейі 211 см, шекті деңгейде 450 см құрайды.
Semeynews.kz