ҚазақстанҚоғамСайлауТОП

Бірден бірнеше республикалық ұйым Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы бастама көтерді

Ұлттық волонтерлік желісі кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада ұлттық волонтерлік желісінің жиыны өтті. Аталған жиында еліміздің волонтерлер қауымы 20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидат ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан ұсынды.

«Осы жылдар ішінде Мемлекет басшысы волонтерлік саладағы барлық маңызды бастамаларды қолдап келеді. Сондай-ақ волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың қызметін және еңбегін жоғары бағалады. Президент волонтерлерге үлкен сенім артады, Мемлекет басшысының қолдауы бізді шабыттандырады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенім мандатымыз еліміздің көркеюі мен халқымыздың мүддесі үшін бағытталған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың жемісін барша қазақстандық көріп отыр. Біздің Президентіміз волонтерлік қозғалысты қолдайды, ендеше біз де өз Президентімізді қолдаймыз», – деді ұлттық волонтерлік желісінің төрағасы Вера Ким.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 200 мыңнан астам волонтерді қамтыған 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді.

Қазақстанның Азаматтық альянсы да Президент лауазымына қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

«1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы өз Жолдауында күзде Президент сайлауы өтетінін айтқан сәттен бері маған, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті, біздің бірлестіктің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде көптеген өтініштер, телефон қоңыраулары келіп түсті. Олар қазіргі Мемлекет басшысының кандидатурасын ҚР Президенті лауазымына ұсынуымызды өтініп қана қоймай, талап етуде», – деді Бану Нұрғазиева ұйымның конференциясында.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті өңірлерден келіп түскен хаттардың бірін оқыды және Қазақстан Азаматтық альянсының Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ҚР Президенті лауазымына ұсынуды қолдайтындары туралы мәлімдемені күн тәртібіне шығарды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 26 мүше-өкілетті өкілдердің барлығы қолдап дауыс берді.

Бұған дейін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған еді.

«Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі елордадағы «Барыс Арена» кешенінде елдің спорт қауымдастығының өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.

Шара аясында спортшылар одағы да Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.

«Елімізді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа реформалар күтіп тұр. Ол әлеуметтік әділдік пен баршаға тең мүмкіндіктерді басты бағыт ретінде ұсынады. Бүгінде спортшыларымыз Қазақстанның атынан түрлі халықаралық ареналарда өнер көрсетіп жүр. Мықты экономика мен бірліктің арқасында біз үлкен жетістіктерге жеттік. Оның ішінде спорт саласының жетістіктері де бар», – деді одақ мүшесі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.

Шараға жиналғандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Еліміз бойынша мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестік ҚР Президенті сайлауына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Астанада Қазақстан мәслихаттарының депутаттары бірлестігінің отырысы өтті. Аталған жиынға еліміздің барлық өңірінен мәслихат депутаттары мен өкілдері қатысты.

Бірлестік мүшелері 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауына кандидат ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

«Қараша айында еліміз үшін маңызды науқан, Президент сайлауы өтеді. Қазір кандидаттарды ұсыну, тіркеу процесі жүріп жатыр. Қазақстанның алдағы 7 жыл ішінде дамуы сол сайлаудан кейін айқындалады. Біздің бірлестік ақылдаса келе, бірауыздан 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауына кандидат ретінде Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынамыз. Қазір әлемдегі геосаяси ахуалды баршаңыз біліп отырсыздар. Осы орайда біз ел бірлігін сақтап, Мемлекет басшысы жүргізіп келген саясатты қолдап, жаңа Қазақстанды бірге құруымыз қажет», – деді Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Баһадүр Нарымбетов.

Оның айтуынша, аумалы-төкпелі заманда Мемлекет басшысының ел тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау қалуда тәжірибесі мол.

«Біздің бірлестік республика бойынша мәслихат депутаттарынан құрылған. Халықпен кездесу кезінде депутаттар алдында түрлі мәселелер көтеріледі. Осыған орай халықтың қалауы да Қасым-Жомарт Тоқаевқа түсіп отыр. Халық Президент ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты көргісі келеді», – дейді ол.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button