Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2009 жыл – Дағдарыстан жаңару мен дамуға!
Жаһандық дағдарыс дабылы әлі де басылмаған - 2009 жыл. Бұл - Тәуелсіздіктің 18-і жылы. 2009 жыл қазақ үшін оңай болған жоқ. Есесіне ұлттық экономика шынықты. Жаһанды шарпыған әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс Қазақстанға да қаһарын төккенімен, сауатты жүргізген экономикалық һәм әлеуметтік саясаттың нәтижесінде ел іші абдырайтындай аса күйзелген жоқ. Алғашқы қатер төнгеннен бастап оның салдарымен күрестің сапалы қолға алынуы 2009 жылы жеміс бере бастады.
Тіпті күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар мемлекеті бюджетін қымтап, қоғамның қауқарына қарамастан қайта-қайта әлеуметтік бағдарлы қаражатын қысқартуды жалғастырып келген тұста, бізде бәрі керісінше болды. 2007-2008 жылдар аралығындағы қаржылық қыспақтан кейін экономиканың бойына қан жүгірді. 2009 жылы ішкі жалпы өнімде өсім болып, мемлекет пайда әкелудің күрделі әрі әртарапты жобаларын іске қосуға кірісті. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 18-і жылы барлық салада дерлік ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер еңсеріле бастады. Мәселен, экономика саласында дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Қазақстан экономиканы сауықтыруға бас-аяғы 14 млрд. АҚШ долларын жұмсап үлгеріпті. Соған қарамастан, еліміздің алтын-валюта қоры ортайған жоқ, бұл – 2008 жылдың соңында 48 млрд. АҚШ долларын құраса, 2009 жылдың соңына таман 52 млрд АҚШ долларына жетіп отыр. Яғни, жұмсалған шығындарға қарамастан, Ұлттық қордың қаржысы өсті. Осының өзі мемлекеттің экономикалық саясатының тиімділігін білдірсе керек. Бұдан бөлек, дағдарыс салқыны әлі де есіп тұрған 2009 жылдың өзінде халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларус компанияларымен Қазақстан аумағында құны 25 млрд. АҚШ долларынан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластық жасалды. Бұл дағдарысқа қарамастан шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығында жұмыс істеуге аса ықыласты болып отырғандығының айғағы еді.
Дағдарысқа қарсы жаппай жұмыссыздықты болдырмау мақсатындағы «Жол картасы» 2009 жылы өзінің тиімділігін танытты. Ресми мәліметтер бойынша, «Жол картасын» жүзеге асыруға сол жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд. теңге бөлініпті. Нәтижесінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрады. Қазақстанмен іргелес жатқан көрші елдерді айтпай-ақ, экономикасы дамыған Еуропаның өзі жұмыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста, біздегі көрсеткіштер көңіл қуантты. 2009 жыл көп қауіп күтілген Қазақстанның қаржы секторы тұрақтандырылған жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Жыл басындағы торыққан болжамдардың барлығы теріске шығып, банк секторы дефолтқа ұшыраған жоқ. Керісінше қиын-қыстау кезеңде мемлекет қолдауының арқасында Қазақстанның банк секторы әлемдік қаржы дағдарысының қысымына лайықты төтеп берді.
Президенттің тапсырмасымен 2009 жылы Үкімет Қазақстанды үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуын қамтамасыз ететін елдің маңызды экономикалық құжаты болмақ. Алдын-ала есеп бойынша осы бағдарламаны жүзеге асырудан экономикаға келетін пайда (тиімділік) бес жылда 7 трлн. теңгеден асады.
2009 жылы жолы болған тағы бір айтулы оқиғаның бірі – Кеден одағының құрылуы. Минскіде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары үш елдің арасында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойды. Оған сәйкес, 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап үш мемлекеттің – Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Біртұтас Кеден аумағы жұмыс істей бастады.
2009 жылдың айтулы оқиғаларына тоқталғанда Тәуелсіздіктен бергі жүзеге асқан екінші жалпыұлттық халық санағын айтпау мүмкін емес. Осы жылғы санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты. Егемендік алған жылы небәрі 42 пайызды құрайтын қазақтар үшін бұдан асқан бақыт жоқтай көрінетін. Осы санақтан кейін мемлекеттік саясатта да біраз өзгерістердің, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың болғаны анық. Санақ – ұлттардың санын анықтау үшін емес, жалпы тұрғындардың тұрмыстық деңгейін, өмір сүру ортасын, білімін, денсаулығын, жұмыс істеу қабілетін тексеруге де септесті.
Жалпы алғанда 2009 жылы ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 500-ден астам хаттамалық іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ел өңірлеріне 17 рет жұмыс сапарына шықты. Екіжақты қатынастар шеңберінде шетелге жасалған 14 сапарды, сондай-ақ 11 көпжақты саммит пен 5 халықаралық форумға қатысуды қоса алғанда, Елбасымыздың қатысуымен халықаралық сипаттағы 117 кездесу мен іс-шаралар өткізілді. Президент түрлі кеңестердің, халықаралық және республикалық форумдардың жұмысына қатысты, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдады, жұртшылықпен және еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесті, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандарда болды. Жыл ішінде Президент 2 мыңнан астам құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде – 120 заң, 192 жарлық, 104 өкім, 16 кеңес хаттамасы, 1,5 мыңға тарта қызметтік құжат, талдау және ақпараттық-анықтамалық материалдар, 162 азаматтар арызы мен хаттары болды. Осы кезеңде Н.Ә.Назарбаев шет елдерде 44 күн, Қазақстан өңірлерінде 46 күн – барлығы 90 күн іссапарда болды.
Қазақстан Президентінің 2009 жылы халықаралық саладағы белсенді қызметі елімізге сыртқы саясаттың стратегиялық бағыттарында сапалы өрлеуді қамтамасыз етті. Осы жылы Қазақстан елордасында шілденің алғашқы күндерінде кезекті жиналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі айрықша мәнге ие болды. Онда жетекші әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар өкілдік еткен 35 елден 77 делегация қатысты. Жалпы Қазақстанның бастамасы бойынша 2003 жылы шақырылған съездің қазіргі әлем діндері арасындағы ғаламдық үндесудің үйлесімді де пәрменді бөлігіне айналғаны айқын.
2009 жылдың еншісінде:
– 14 қаңтар – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы Дэвид Петрэусті қабылдады;
– 24 қаңтар – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үндістан Республикасына мемлекеттік сапары өтті. Үндiстанның тәуелсiздiк күнiне орай ұйымдастырған мерекелiк шараларына мәртебелi қонақ ретiнде қатысқан Қазақстан Президентi Үндiстан мен Пәкiстан арасындағы ушыққан саяси ахуалды реттеуге арағайындық жасауға әзiрлiгiн бiлдiрдi. Сапар барысында ұйымдастырылған Делидегi бизнес-форумда Н.Назарбаев үндi кәсiпкерлерiн Қазақстанға инвестиция салуға шақырды;
– 3 ақпан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Германия Федеративтік Республикасында болды. Бұл ретте Қазақстанның Германиядағы жылы ашылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сапар барысында ГФР-дің Федералды Президенті Хорст Келермен және Канцлер Ангела Меркельмен кездесті. Берлиндегi бiрлескен бизнес-форумда Қазақстан-герман ынтымақтастығының әлеуеті мол екенін атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан неміс технологиялары трансфертіне және өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика салаларындағы бiрлескен өзара тиiмдi жобаларды жүзеге асыруға мүдделi. Мен ондаған отбасылардың туған жердi аңсап қайта оралып, Қазақстанда бизнесiн ашып жатқанын бiлемiн. Бiз осы мүмкiндiктi пайдалануға тиiспiз», – деп мәлiмдедi.
– 12 ақпан – Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналған партия Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы өтті;
– 25 ақпан – 6 наурыз – Ел тұрғындарының екінші ұлттық Халық санағы өткізілдi. 25 ақпан күні таңертеңгі сағат 8.00-де республика бойынша бір уақытта 50 мыңға жуық есепшілер шықты;
– 16 наурыз – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Кездесулер мен келіссөздердің қорытындысында екіжақты қатынастарды нығайтуды көздейтін төрт құжатқа қол қойылды. Олар – ҚР мен БАӘ арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім, ҚР мен БАӘ арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім, ҚР мен БАӘ арасындағы азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек туралы келісім, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен БАӘ Сыртқы істер министрлігі арасындағы саяси консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум. Келіссөздер аяқталған соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян екеуара оңаша кездесіп, екі ел арасындағы қатынастарды әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде әңгімелесті;
– 6-7 сәуір – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен кездесті;
– 28 сәуір – Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті болып өтті. Ол бойынша Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-ші бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Мемлекет басшысы сондай-ақ өз әріптестерін Қазақстанның Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін аяқтағаны жөнінде хабардар етті;
– 13 мамыр – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының президенті Ли Мен Бакпен кездесті. Бірлескен мәлімдемеден соң екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтар болсақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі іс-қимыл жоспары мен «Балқаш» жылу электр стансасы жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Президент Ли Мен Бак Қазақстанды Орталық Азиядағы қарқынды дамып келе жатқан жетекші мемлекет ретінде санайтынын білдірді. Ли Мен Бак келесі жылы Оңтүстік Кореяда Қазақстан жылы жарияланатынын айтты. Ал 2011 жылы – Қазақстандағы Оңтүстік Корея жылы аталып өтетін болды;
– 15 мамыр – Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХІІ съезі өтті. Съезде ҚР Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі;
– 16 маусым – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Екатеринбург қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты;
– 1 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті. «Біз жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу да біздің осындай табанды ұстанымымыздың бір көрінісі. Дінаралық татулық арқылы ғана халықаралық түсіністік орнатуға болады. Бұған еліміздің қазіргі жүргізіп отырған саясаты толық дәлел бола алады. Бір дөңгелек үстел басына жиналған съезге қатысушы 400-дей діндардың наным-сенімі бөлек болғанымен, көздеген мақсаты біреу ғана. Ол – бейбітшілік. Қазақ даласына бейбітшілікті, татулықты ту етіп келгендердің әңгімесі де жарасымды болды», – деді Елбасы;
– 2 шілде – Елбасы Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезіне қатысуға келген Израиль Президенті Шимон Переспен кездесу өткізді;
– 3 тамыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қорғас-Жетіген» теміржол желісі құрылысының ашылуына қатысты;
– 29 тамыз – Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық полигоны жабылған күн – 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қаруды сынауға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсыныс жасады. Бұл идеяны «ядролық клуб» елдерін қоса алғанда, әлемнің жетекші мемлекеттері қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мақұлданды. Бұл 2010 жылғы сәуірде АҚШ-та жоспарланып отырған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит қарсаңындағы маңызды қадам еді.
– 30 тамызда – Қазақстан Конституциясы күніне орай елордада алғаш рет әскери шеру өткізілді. Онда Елбасы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Н. Назарбаев Негізгі Заңның мемлекет пен оның азаматтары үшін маңызын айрықша атауға арналған әскери шеруді қабылдады;
– 11 қыркүйек – Ақтауда Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның бейресми саммиті болып өтті. Кездесу мақсаты – Каспий жағалауы елдерінің достық байланыстарын, энергетикалық және көліктік мәселелерді, кеңестен кейінгі кеңістікте интеграциялық бірлестіктер мен ТМД шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері жөнінде ой-пікір өрбіту. Әңгімелесу барысында президенттер экономикалық байланыстарды нығайтып, өңірлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән-маңыз берудің нәтижесінде көршілес елдер арасындағы ынтымақтастыққа деген ынта артып, достықтың тамыры тереңдей түскендігін жеткізді;
– 12 қараша – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен кездесті. Мемлекет басшысы Марк Перрен де Бришамбоға Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы біздің еліміздің алдағы уақытта төрағалық етуі ЕҚЫҰ алдынан жаңа көкжиектер ашатынын, ал Қазақстанның тәжірибесі бұл ұйымды дамытуға үлкен септігін тигізетінін мәлімдеді;
– 13 қарашада – Президент тікелей желі арқылы қазақстандықтармен байланысып, сұхбат жасады. Онда Елбасы жылдың негізгі нәтижелерін қорытындылап, азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жауап берді. Жалпы алғанда, тікелей желі шеңберінде 45 мыңнан астам сұрақ түсті. Негізінен, олар халықты әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй проблемалары мен тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ заңнама және құқық, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салаларға қатысты болды;
– 4 желтоқсан – Греция астанасы Афиныда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері ұйымы кеңесінің 17-отырысында Қазақстан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің тiзгiнiн ресми түрде қабылдап алды;
– 12 желтоқсан – Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі болып өтті. «Әлемде қандай жағдай болмасын, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас ізгілікті және достық жағдайында қала береді. Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің аса маңызды жобасы жүзеге асып отыр. Қытай сіздердің елмен ынтымағын одан әрі арттыруға мүдделі әрі дайын», – деді ҚХР-ның Төрағасы Ху Цзиньтао;
– 15 желтоқсан – Тәуелсіздіктің 18 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Онда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев сөз сөйледі. «Енді, міне, 18 жыл бойына күн сайын, сағат сайын біз жаңа Қазақстанды – арманымыз бен үмітіміздегі мемлекетті жасай отырып, өз жоспарларымызды жүзеге асырып келеміз. Біз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайттық, халық бірлігін сақтап қалдық, қарыштап жаңғырту стратегиясын іске асырдық, қазіргі заманғы нарықтық экономиканы жасадық. Біз көпвекторлы сыртқы саясаттың негізін қаладық, ықпалдасуды – осы сөздің ең кең мағынасында – мемлекет басымдықтарының бірі ретінде жария еттік. Тәуелсіздігіміздің жетістіктерінің ең бастысы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Бұл – біздің ортақ еңбегімізге берілген тағы бір аса жоғары баға. Қазақ халқы ғасырлар бойындағы тарихында қазіргідей деңгейде әлем қауымдастығының назарын өзіне аударып көрген емес. Қазақстан дербес мемлекет ретінде пайда болған кезден бастап ол ешқашан осындай жоғары дәрежеге қол жеткізіп көрген емес. Біздің асқан игі жетістігіміздің өзі осында», – деді Елбасы;
Жалпы 2009 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы, футбол стадионы және өзге де ірі нысандардың салтанатты ашылуы болды.
Semeynews.kz