ӘлемҚазақстанМәдениетТОП

Әйгілі қытайлық мүсінші Шығыс Қазақстанға Абай мүсінін тарту етті

Қазақтың ұлы ақыны, философ және гуманист Абай Құнанбайұлының туған күнінде Пекинде жылсайынғы алтыншы «Абай оқулары» өтті, деп хабарлайды Semey News.

Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ақпараты бойынша, іс-шара пекиндік «Цзиньтай» өнер мұражайында өтті. Іс-шараға қонақ ретінде ҚХР-да аккредитацияланған бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, мемлекеттік органдардың, академиялық және шығармашылық интеллигенцияның, сондай-ақ Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері, қытайлық және қазақстандық БАҚ журналистері қатысты.

Іс-шара 2014 жылы «Чаоян» Орталық паркінің атақты адамдардың халықаралық бағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаев өз сөзінде «Абай оқуларына» қатысушыларға Абай Құнанбайұлының қазіргі қазақ әдебиетіне қосқан үлесінің маңыздылығын, сондай-ақ ұлы ақынның рухани мұрасы қазақ жастарының бойында адамгершілік бағыт-бағдарын қалыптастырудағы  рөлін айтып жеткізді.

Сондай-ақ дипломат, Абай еңбектері бірқатар шет тілдеріне аударылғанын және әлемнің кез-келген түкпіріндегі оқырмандарға қолжетімді екенін атап өтті. Осы орайда ол атақты қытайлық абайтанушы және аудармашы Ха Хуанчжанға, жазушы және ғалым-әдебиеттанушы Акбар Мажитке, сондай-ақ «Цзиньтай» өнер мұражайының басшылығына қажымас еңбектеріне және Абайдың рухани мұрасын Қытайда кеңінен насихаттауға қосқан өлшеусіз үлестері үшін ерекше ризашылығын білдірді.

Іс-шара барысында Абай мұраларын насихаттауға және ұлы ақынның туылғанына 175 жыл толуына арналған мерекелік шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысқандары үшін, Қытай өкілдеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раймқұлованың алғыс хаттары табысталды.

«Абай оқулары» шеңберінде Шығыс Қазақстанның Абай ауданындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясына әйгілі қытайлық суретші және мүсінші, «Цзиньтай» өнер мұражайының директоры Юань Сикунмен жасалған ақынның қола мүсінін сыйға тарту салтанаты өтті.

Іс-шара жылы және достық атмосферада өтті, концерттік бағдарламалар қойылып, ұлы қазақ ақынына арналған қазақстандық және қытайлық суретшілердің әйгілі картиналарының көрмесі өтті. Меркелік кеш қонақтары дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татты.

Semey News

 

Осы айдарда

Back to top button