ШҚОҚоғамТОПШҚО

Медициналық қателік 34 жастағы әйелдің мүгедек болып қалуына әкеліп соқты

Қайғылы оқиға орын алғаннан бұрын Мұратбек өзінің жеке шаруа қожалығында маңдай терін төккен. Ал әйелі Земфира жергілікті мектепте директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Олар жарасымды күй кешіп, шаңырақтарында екі қыздарын үкілеп өсірген. Бес жыл бұрын үшінші баланың дүниеге келуінің соңы қорқынышты түске айналады деп ешкім ойламаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап.

“Сен менің бауырымсың ба әлде жұбайымсың ба?” Бұл Земфираның күйеуіне күнделікті қоятын сұрағы. “Мен жауап берем, ал келесі күні ол қайта ұмытып қалады” ,- деп күрсінеді Мұратбек. Ашық медициналық қателік ағылшын мұғалімінің 34 жасында миының терең зақымдануынан дәрменсіз мүгедек болып қалуына әкеліп соққан.

Көкеновтер отбасы Шығыс Қазақстан облысы, Малая Николаевка ауылында тұрады. 2003 жылы жас жұбайлардың тұңғышы Дамира дүниеге келген. 2011 жылы екінші қызы Медина дүние есігін ашқан.

“Екі жүктілікті де Земфира Бесқарағай облыстық ауруханасында жеңіл өткізді. Сондықтан, 2016 жылы әйелім үшінші рет аяғы ауыр болғанда, мұндай жаман ой біздің ойымызға кіріп те шықпаған. Жүктілік ешқандай ауыртпалықсыз өтті, тіпті жүрек айну да болған жоқ. Толғақ басталған уақытта бізді Бесқарағайда қабылдаған жоқ, түннің ішінде Семей қаласына жіберді. Ол уақытта әйелімнен су кете бастады, оның түсі жасыл еді. Бұл инфекцияның белгісі болатын. Зиянды салдардың алдын алу үшін шұғыл түрде кесар тілігін жасау қажет еді. Бірақ №3 перзентханада Земфира өзі босанғанша, үш күн күттік. Мүмкін мәселенің барлығы дәрігерлердің көпшілігі Наурыз мейрамын тойлап, бізде жұмыстарының болмай қалуында шығар?!” – деп күйінеді Мұратбек.

Түптің түбінде кесар тілігі жасалады. Өмірге 3 кг 400 гр салмағы бар шекесі торсықтай ұл келеді. Бірақ нәресте кезінен бастап Ансар  (сәбидің атын солай деп қойған еді) анасыз өсуге мәжбүр болды, өйткені дәрігерлердің немқұрайлылығы пен медициналық қателіктер Земфира Көкенованың ессіз күйге түсуіне әкеліп соқты.

“Земфираны алғаш үйге әкелгенде үлкен қызым көз жасын тоқтата алмады. Ал кішкентай қызым ешнәрсені жете түсінбеді. Мен өз басым қыздарымның алдында ешқашан еңсемді түсірген емеспін, себебі олар үміттерін үзбес үшін, өмір бойы отбасыларында осындай қасірет болғанын ойлап өмір сүрмес үшін. Көңілім босаса сыртқа шығып келем, көзжасымды перзенттеріме көрсеткен жоқпын” ,- деп ағынан жарылады күйеуі.

Әйелім балаларымен сөйлескенді жақсы көреді. Бірақ қыздары үшін ол анасы емес, кіші сіңлілері сияқты күйге түскен. Әлі күнге дейін әжесімен бірге тұратын бес жасар ұлымыз анасымен қатары сияқты ойнайды.

Кейде Мұратбекке барлығы баяғыдай қаз қалпында тұрғандай елес береді. Қолына көп қағаз ұстаған әйелі жұмыстан үйіне асығып келеді, ал күйеуі оны балаларының ортасында үйінің табалдырығынан қарсы алады.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button