Сайлау

Кандидат Қайырлы Қасенов Жәнтікей ауылының тұрғындарымен кездесті

Абай облысының №10 бірмандатты аумақтық сайлау округінен кандидат Қайырлы Қасенов Ақсуат ауданының Ырғызбай ауылдық округіне қарасты Жәнтікей ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында ауылдың өзекті мәселелері, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолдары талқыланды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тұрақты интернет байланысының жоқтығы, жолдардың жағдайы және балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына арналған нысан қажеттігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Аталған мәселелер кандидаттың «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген жеке бағдарламасында да қамтылған. Атап айтқанда, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу, ауылдық елді мекендерді спутниктік және талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ спорт модульдерін салуға ықпал ету бағыттары қарастырылған.

Қайырлы Қасенов ауылдың дамуы тек инфрақұрылымдық жобалармен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің шешілуімен өлшенетінін атап өтті.

Сонымен қатар бұған дейін Жәнтікей ауылында Мәдениет үйінің салынуына үлес қосылғаны айтылды. Бұл бастама ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның ел игілігіне берілуіне мүмкіндік жасаған.

Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, ауылдың алдағы даму бағыттарына қатысты мәселелер назарға алынды.

*№10 бірмандатты сайлау округі бойынша Абай облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Қайырлы Қасеновтың сайлау қорынан төленді

Осы айдарда

Back to top button