ШҚОҚоғамТОПШҚО

Шекаралық аудандарды дамыту жобасы Зайсан ауданында қалай жүзеге асуда?

Зайсан ауданында өткен жылдан бастап шекара маңындағы аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда, деп хабарлайды Semey News.

Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин аймақ басшысы Даниал Ахметовке өз есебінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласында тоғыз жобаның арқасында даму жүріп жатыр. Егіс алқабы 3 мың гектардан астам немесе 19 пайызға ұлғайтылды. Көпжылдық шөптерді егу шамамен 40 пайызға артты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға баса назар аударылуда.

Жерді қорғау саласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік жер қорына 39 шаруа қожалығынан 1,8 мың гектардан астам пайдаланылмайтын жер қайтарылып алынды. Бұл учаскелер конкурстық негізде аукциондар арқылы сатуға беріледі.

ШҚО әкімі бастамашы болған “Бір қабатты Шығыс” жобасы аясында Зайсан ауданында екі пәтерлі 30 үйдің құрылысы аяқталды. Қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін тұрғын үй ауданның мұқтаж тұрғындары арасында бөлінетін болады. Өткен жылы Көп балалы отбасыларға арналған 36 екі пәтерлі үй пайдалануға берілді. Онда үй жанындағы аулалар абаттандырылып, шағын футбол және балалар ойын алаңдары жабдықталды. Сондай-ақ, тағы 35 екі пәтерлі үйдің құрылысы басталды.

Биыл кешенді жоспар аясында 4 млрд теңгеге жуық 68 іс-шара жоспарланған. Қазіргі уақытта 2 млрд теңгеден астам қаражат игеріліп, 6 іс-шара толығымен іске асырылды. 58-і әлі жүзеге асырылып жатыр. Жобалар арасында-туризмді, кәсіпкерлікті дамыту бойынша іс-шаралар бар. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім өткен жылмен салыстырғанда бес пайызға артты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Арна Минералс” зауыты іске қосылады. Ол сусындар өндірумен айналысады және өз өнімдерін облыс пен республика аумағында сататын болады. Өндірістің жалпы көлемі жылына 27 млн литр сусын өндіреді.

Инфрақұрылымды дамытудағы кешенді жоспардың маңызды бөлігі жалпы сомасы 3 млрд теңгеге жуық 20 жобаны іске асыру. Сумен қамтамасыз ету саласында биыл төрт жоба жоспарланған. Бес блокты-модульді станцияны орнату тамыз айында аяқталады. Сол арқылы елді мекендер 98 пайызға ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Көрсеткішті 100 пайызға дейін 2023 жылға дейін жеткізу жоспарланып отыр. “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында Айнабұлақ ауылындағы үш ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары, жарықтандыру және 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.

Ұзақ уақыт бойы жөнделмеген “Зайсан – Шілікті ” жолын жөндеуге қаражат бөлінді. Ұзындығы 20 км жолды орташа жөндеу жұмыстары осы жылдың тамыз айының басында аяқталады деп жоспарлануда.

Тұрғын үй құрылысы секторында үш жоба жоспарланған. Зайсан қаласында бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және тиісті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу аяқталу сатысында. Осы жылдың соңына дейін тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Зайсанды және тағы сегіз елді мекенді газдандырудың үшінші кезеңі аяқталу сатысында.

Естеріңізге сала кетейік, кешенді жоспарды жүзеге асыру 2024 жылға дейін жоспарланған. Осы уақыт ішінде 22 млрд теңгеге жуық сомаға 157 жобаны іске асыру көзделген.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button