Сайлау

Курчатовта туған күнінде дауыс берген сарбазға сыйлық табысталды

Ұлттық ұланның Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің жүзге жуық сарбазы қалалық мәдениет үйінде орналасқан №150 сайлау учаскесінде дауыс берді. Мемлекеттің болашағын айқындайтын маңызды саяси науқанға қатысқан сарбаздардың қатарында туған күнін атап өтіп жатқан қатардағы жауынгер Алдияр Абылқайыров та болды. Павлодар облысынан Ұлттық ұлан қатарына шақырылған мерзімді әскери қызметшіге учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сұлтанова арнайы сыйлық табыстады.

– Жергілікті тұрғындар сайлауды айтулы мереке ретінде қабылдайды. Ал Алдияр үшін бұл күннің орны ерекше. Себебі кезектен тыс сайлау оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осылайша, сарбаз бүгін қос мерекені қатар атап өтуде. Қоғамдық өмірге белсене араласып, азаматтық ұстанымын білдірген жас сайлаушыға сыйлық табыстауды жөн көрдік, – деді учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сұлтанова.

Айта кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша барлығы алты сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда мерзімді әскери қызметшілермен қатар офицерлер мен сержанттар да дауыс беріп, өз таңдауларын жасауда.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button