Абай облысыТОП

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: Абай облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдар қызметіндегі тәуекелдерді анықтау, заңнама талаптарының сақталуын бақылау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыс жүргізді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды жою

Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға жәрдемдесу.

Жыл басынан бері Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау барысында басқарушылық процестер, кадрлық мәселелер, мемлекеттік қызмет көрсету, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, бақылау функциялары мен өзге де қызмет бағыттары зерделенді.

Атап айтқанда, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша анықталған тәуекелдерді жоюға бағытталған ұсынымдар әзірленді. Оларды іске асыру мәселелері облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында да қаралды.

Сонымен қатар, сот сараптамасы институтының Абай облысы бойынша филиалының қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 21 ұсыным, ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 17 ұсыным берілді. Бұл шаралар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға, рәсімдердің тиімділігін жетілдіруге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.

Заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу

Департамент мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауына және заңнама талаптарын орындауына тұрақты мониторинг жүргізеді.

2026 жылдың басынан бергі мониторинг нәтижелері бойынша 44 бұзушылық анықталды. Оның ішінде кірістері мен мүлкі туралы декларацияларды уақтылы тапсырмаудың 8 дерегі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамаудың 4 дерегі, туыстық қатынастарға байланысты мүдделер қақтығысының 3 дерегі және мемлекеттік қызметпен үйлеспейтін кәсіпкерлік пен өзге де қызметке қатысты 29 дерек бар.

Анықталған мәселелер бойынша заңнама талаптарын сақтау, бұзушылықтарға жол бермеу және олардың қайталануын болдырмау бағытында тиісті шаралар қабылдау мәселелері қарастырылды.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметке кіретін азаматтардың қаржылық бақылау талаптарын орындауы, мүдделер қақтығысының алдын алу және мемлекеттік қызметке байланысты шектеулерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Түсіндіру және профилактикалық жұмыстар

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда құқықтық сауаттылықты арттыру мен мемлекеттік қызметшілерге заңнама талаптарын түсіндіру маңызды орын алады.

Осы бағытта мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде және ұйымдарда кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Олардың барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер, мүдделер қақтығысын болдырмау, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдаланудың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері түсіндірілді.

Департамент өкілдері аудан-қалаларға барып, мемлекеттік қызметшілермен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялы қауым өкілдерімен, жастармен және тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндай кездесулерде мемлекеттік аппараттың ашықтығы, мемлекеттік қызмет сапасы, қоғамдық бақылау және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ азаматтарға мемлекеттік қызметке қатысты сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

Қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары мемлекеттік қызметшілермен ғана шектелмейді. Бұл бағытта жастардың, білім беру ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.

Атап айтқанда, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын ілгерілетуге, адал еңбек пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған форумдар, ашық диалог алаңдары, пікірталастар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар жастар арасында адалдық қағидаттарын насихаттауға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бастамалар жүзеге асырылды.

Қазан айында Семей қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында «Адалдық марафоны: Әділетті қоғам – менің таңдауым!» атты іс-шара өткізіліп, адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу мәселелеріне назар аударылды. Бұдан бөлек, аудандарда тұрғындармен кездесулер мен көшпелі семинарлар өткізіліп, мемлекеттік қызметтегі әдеп стандарттары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары талқыланды.

Департаменттің жұмысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдарымен күресумен шектелмей, олардың туындауына ықпал ететін себептерді ерте анықтауға, алдын алу тетіктерін жетілдіруге және қоғамда заңға құрмет пен адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Алдағы уақытта да мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, заң талаптарының сақталуын бақылау, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті

 

Осы айдарда

Back to top button