ДенсаулықҚоғамСемейТОП

Семейде ядролық медицина орталығы алғашқы науқастарды қабылдайды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейдегі ядролық медицина орталығына арнайы келді, деп хабарлайды Semey News.

Семей ядролық медицина орталығында заманауи технологияларды қолдана отырып, онкологиялық ауруларды емдеумен айналысады.

Жақында ядролық медицина орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен келген алғашқы науқастар келіп түсті. Олардың барлығы радиойодтерапиясымен емделеді. Бұл алыс таралған метастаздары бар дифференциалды қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеудің таптырмас әдісі. Тиротоксикоз үшін радиойодтерапия емдеудің ең тиімді және қауіпсіз түрі болып табылады.

Фото: Анатолий Тернов
Фото: Анатолий Тернов

–           ШҚО қатерлі ісікке шалдыққандар  бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын елімізде 3800-ден астам науқас анықталып, оның  18 мыңнан астамы есепте тұр. Мұндай орталықты ашу емдеу, диагностикалау және диагнозды дұрыс қою үшін өте маңызды. Біз мұнда емнің қалай жүргізіліп жатқанын, науқастың бұл емді қалай алып жатқандығын анықтауға келдік. Бұл Қазақстанның барлық онкологиялық қызметі үшін өте маңызды шара. Радиойодтерапия әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылады. Өйткені бұрын бізде аталған терапияны жүргізу үшін бөлімше болмады. Мұндай бөлім арнайы оқшаулауды қажет етеді. Сондықтан барлық қалдықтар арнайы құрылғыда жиналып, радиоактивті йод одан әрі таралмайды. Науқастар мұнда жеті күн бойы бақыланады. Емдеу Халықаралық хаттама бойынша жүргізіледі, – дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма Төрайымы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра Қайдарова.

Қазіргі уақытта радиойодтерапия-радионуклидтік терапияның әлемдегі ең кең таралған әдісі, оның үлесіне терапиялық радиофарпрепараттарды қолданумен байланысты барлық емдік щараларының 70% – дан астамы тиесілі.

Қазақстанда жыл сайын 3 500 науқастың ішінен қалқанша безінің қатерлі ісігі бар 600 науқасқа радиойодтерапия жүргізу қажет. Емдеу отандық, Алматы қаласының Ядролық физика институты өндірісінің радиофармацевтикалық препараттарымен жүзеге асырылады. Семей қаласындағы Ядролық медицина орталығы радиофармацевтика өндірісінен бастап (ПЭТ зерттеуі үшін) радионуклидтік диагностика мен терапияға дейінгі толық циклді қамтиды.

Ядролық медицина орталығын құру және салу шеңберінде жергілікті дәрігерлер науқастарды диагностикалау және емдеу үшін қажетті отандық радиофарм препараттарын шығаратын Алматы қаласының ядролық физика институтымен тығыз байланыста.

–           Бұл өте маңызды оқиға. Қазақстанда радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық ауруларды жаңа әдіспен емдеу бойынша бірегей жұмыс басталды. 2011 жылдан бастап біз тек  диагностика үшін обыр ауруларын алдын-алуға технеция жүргіздік. Ал, енді  терапия үшін радиофармпрепараттарды қолдану -үлкен жетістік. Біздің институттың базасында жаңартылған атомдық зерттеу реакторы бар. Оның көмегімен қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеуге арналған жаңа изотоп Йод-131 препараты жасалып, шығарылды. Елімізде онкологияға шалдыққан науқастарды емдеуге мүмкіндік беретін бірегей орталық пайда болғаны  қуантады. Радиофармпрепараттарды жеткізу өте күрделі мәселе. Біз жергілікті отандық авиатасымалдаушының лицензия алуы үшін Үкіметке, сондай-ақ басқа да мүдделі органдарға жүгінуге дайынбыз. Сол арқылы   препараттарды жеткізу екі сағат ішінде еліміздің кез келген жеріне жеткізу мүмкіндігі болады, – деді Алматы қаласы Ядролық физика институтының директоры Батыржан Қаракөзов.

Орталықты ашудың маңыздылығын ШҚО әкімі Даниал Ахметов те атап өтті.

–           Төрт жыл бұрын біз Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтауды дамыту бойынша бағдарлама қабылдадық. Барлық медициналық жабдықтарға  аудит жүргізіп, медицинаның төрт бағыты: ана мен бала, онкология, кардиология және травматология бойынша міндеттер қойдық. Шетелдік клиникалық мекемелерде 300-ден астам адам оқытылды. Биылғы жылы тек онкологиялық бағытта 50-ден астам дәрігер шетелдік институттарға барып, білімдерін шыңдайды. Осылайша, біз жоғары технологиялық медициналық жабдықтау адами капиталды дамытумен ұштасқан кезде ғана аталған міндеттерді орындаймыз. Алдағы үш жыл ішінде ШҚО медицинасы негізгі төрт бағыт бойынша еліміздің алдыңғы қатарына шығуы тиіс, – деп түйіндеді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, ядролық медицина орталығы үш кезеңнен тұрады. Осы жылдың сәуір айында радионуклидтік диагностика бөлімшесі ашылды. Екінші кезең барысында Радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылатын болады. Онда қалқанша безінің қатерлі ісігі радиойодтерапия әдісімен емделеді. Ал, соңғы кезеңде  циклотронды және позитронды-эмиссиялық томографтар енгізіледі.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button