Абай облысыТОП

Облыс әкімі әскери бөлімге барды

Аймақ басшысы Берік Уәли Семейде орналасқан 28738 әскери бөліміне барып, оның қызметімен, жеке құрамның тыныс-тіршілігімен және материалдық-техникалық базасымен танысты.

Әскери нысан 1972 жылы артиллериялық полк ретінде құрылған. 1975 жылы полкке жауынгерлік Қызыл ту және оған берілгені туралы грамота табысталды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылғаннан кейін әскери бөлім корпустық артиллериялық полк ретінде қайта құрылып, 1-әскери корпус құрамына берілді. 1999 жылдан бастап артиллериялық бригада ретінде қызмет етсе, 2000 жылдан бастап Қарулы Күштердің Шығыс әскери округіне бағынды.

Бүгінде бөлім аумағында 15 түрлі ғимарат орналасқан. Мұнда 1000-ға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Жеке құрамның әскери даярлығына, тұрмыстық жағдайына және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді.

Аралау барысында облыс әкімі әскери бөлімнің казармалық-тұрмыстық жағдайын, оқу-жаттығу базасын және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін көрді.

Сондай-ақ аймақ басшысы әскери қызметшілермен, сарбаздармен, оқушылармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында сарбаздардың қызмет барысына қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Бүгін мен Сіздерге тек облыс әкімі ретінде ғана емес, осы елдің азаматы ретінде де сөз арнағым келеді. Сіздер бүгін саптасыздар. Әскери ант қабылдадыңыздар. Сіздер үшін ең қымбат құндылықтар – еліміздің тыныштығы, тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі сеніп тапсырылған. Бүгінде мемлекет әскери қызметшілер үшін үлкен қолдау көрсетіп отыр. Әскер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі, қызмет жағдайлары жақсарып, дайындық сапасы артып келеді. Сондықтан әрбір сарбаз мынаны түсінуі керек: әскерде өткен бір жыл – босқа кеткен уақыт емес. Бұл – мүмкіндікке толы кезең. Абай облысының жергілікті атқарушы органдары Мемлекет басшысының елдің қорғаныс қабілетін нығайту, әскери қызметтің беделін арттыру және қазақстандық патриотизмді күшейту бағытындағы саясатын әрдайым қолдайды. Қарулы Күштермен, басқа да әскерлер және әскери құралымдармен бірлесе отырып, біз мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету жолында алдағы уақытта да бірлесе қызмет етеміз, – деді Берік Уәли.

Сонымен қатар, әскери қызметшілер, сарбаздар және Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген қатардағы жауынгерлердің ата-аналары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button