Абай облысы

Еңбегін елге арнаған

 

Жақсы адам өтсе өмірден,

Жақсының жанын езеді.

Жастығы өтіп еңбекпен,

Жақсылық көрер кезі еді.

Халық арасында «Жер жанаты -жанның тынысы, жақсы адам -елдің ырысы» деген бір ертеден келе жатқан мақал бар .Біздің пайымдауымызша осындай мақал – ертеңгі күн үшін аянбай еңбек еткен, жанқиярлық еңбегімен көпшілік ықыласына бөленген, саналы ұрпақ өсірген, өмірдегі жүрген жолдары үлгі мен өнегедей сайрап жатқан ел азаматтарына айтылса керек. Біз бүгін саналы жан үшін кейінгі толқын ұрпаққа үлгі боларлықтай өмірлік ғибратты жинаған, тірі болса ғұмырының жетінші асқарына шығып, ұрпағына ұлағатты сөз айтар тұста бақилық болған Қапанбұлақ ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығының білікті маманы болған Қасымханов Дәлелхан Қасымханұлын еске алмақпыз.

Дәлелхан Қасымханұлының өмір дерегіне үңілсеңіз ол кісінің сонау қиындығы мол болған елуінші жылдардың ортасында көршілес ел – Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласының маңындағы Теректі ауылында 1955 жылы 15 қыркүйекте еңбегімен және үлкен кісілік келбетімен дүйім жұртқа құрметті болған Қасымхан ақсақал мен Күлпан шешейдің жанұясында дүниеге келді. Екі ел арасында дипломатиялық қатынастың жақсарған тұсында, 1962 жылдардағы қандастардың Отанға оралу үдерісі кезінде Қасымхан ақсақалдың отбасы да  атамекенге оралып, бұрынғы «Жарма» совхозына шопан болып еңбекке араласады. Аз уақыттың ішінде өзіне тапсырылған отардан шығын шығармай, жүз бас саулықтан жүз елу бас қозы алып, облыста жеңімпаз атанған атақты шопанға айналды. Қасағаңның елі мен халқы үшін аянбай еткен ұзақ жылғы еңбегі де кезінде елеусіз қалмаған. Бірнеше медальдар мен орденнің және Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің арнайы жүлдесінің иегері атанды.

Нақтылап айтатын болсақ Қасымхан ақсақалдың еңбектегі жетістіктері орасан зор.

03.10.1969 №153-Н «КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің қола медалі», «Победитель социалистического соревнование» медалі-1973,1975,1976,1977,1978,1979,1980,1981- сегіз мәрте алған. «Х бесжылдықтың үздігі төсбелгісін» 19.09.1979, «ХІ бесжылдықтың үздігі төсбелгісін» 27.06.1983 алды. «За доблестный труд в ознаменование 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина»медалі 19.04.1970 «КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің қола медалі» №243-Н 24.04.1979ж, «Халықтар достығы» ордені №1944 16.12.1980, «Еңбек  ардагері» медалі 23.12.1989ж.

Семей облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы.14.09.1978, 23.03.1979, 20.08.1985.

Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі коллегиясы мен Қазақ Республикалық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Президиумы 1979-1980жылдардың қыс мерзімінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіріп дайындауды арттыруда республикалық социалистік жарыста қолжеткен табысы үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Қазақ республикалық комитетінің Құрмет Дипломымен марапатталған.1981ж.

Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының және Министрлер Советінің қаулысы бойынша бесжылдықтың тапсырмаларын орындаудағы аса көрнекті табыстары үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына есімі жазылып, Құрмет Дипломымен марапатталды.01.08.1986. Халық депутаттары Семей облыстық Советінің атқару комитетінің ҚұрметГрамотасы берілді. 1988ж. Желтоқсан.

Әкенің осы жемісті еңбегі жас бала Дәлелханға да ерте сіңді десе болады. Дәлелхан 1973 жылы Жарма станциясындағы он жылдық мектепті бітіргеннен кейін 1974-1976 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен  атқарып келеді.Әскерден келгеннен кейін білек сыбана кірісіп, әкесі құрған «Арай» жастар бригадасына комсомол жетекшісі қызметіне араласады. Сол кезде Абай, Аягөз, Шұбартау, Ақсуат, Жарма аудандарында қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған өрімдей жас қыздар мен ұлдардан жинақталған бригадалар жұмыс атқарған. Бұл комсомол жастар бригадалары арасында жыл қортындысы бойынша жарыс жеңімпаздары анықталатын. Ет,жүн, тері, төл алу науқандары бойынша «Арай» жастар бригадасы Жарма ауданының жеңімпазы атағын бірнеше рет жеңіп алады. Дәлелхан Қасымханұлы сол жанкешті қажырлы еңбегінің арқасында аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, одан кейін облыстық комсомол комитетнің пленум мүшесі болып сайланды.Осылай еңбектен қол үзбей жүріп Семейдің мал дәрігерлік зоотехникалық институтының зооинженерлік мамандығын оқып, жоғары білім алып шығады.

Жарма ауданы бойынша 24 комсомол жастар- бригадасы болса, соның ішіндегі “Арай” комсомол жастар- бригадасы шашасына шаң жұқтырмаған , бәйгенің алдын бермеген бригаданың бірі болды. Осы бір үлкен істің басы қасында жүрген, ұйымдастырушылардың бірі болған Дәлелхан Қасымханұлының еңбегі ұшан теңіз.1981 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы Министрінің Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде “Арай” комсомол жастар- бригадасын Құрмет Дипломмен марапатталған.

Х бесжылдықты орындаудағы үлкен жетістігі үшін ЛКЖО Орталық комитетінің “Бесжылдықтың жас ұланы”күміс медалімен марапатталды.

Семей облыстық комсомол комитетінің “Мал шаруашылығының үздік жас маманы” медалін алды. 05.09.1979 ж.

Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің 1984-1985 жылдардың қысында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және мемлекетке тапсыру жөніндегі социалистік міндеттемелерді асыра орындағаны үшін Дәлелхан Қасымханұлы марапатталған.04.09.1985ж.

Тоқсаныншы жылдары “Жарма ” совхозы тарағаннан кейін де әкеден қалған малды шашау шығармай әке таяғына ие болды.1996  жылдан бастап “Мирлан” шаруа қожалығын құрып,қажырлы еңбек етті. Мал тұқымын асылдандыруда, ірі қара мал мен ұсақ малдың тұқымдық түрленуіне 2012 жылдан бастап кіріседі.2018 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, жаңа техникалармен жабдықтады.

1979 жылы Ақсуаттың ХХІІ партсьезд совхозы, Құлбабас ауылының қызы Жарқынмен отбасын құрды. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Мирлан Аршалы ауылдық округінің әкімі, жұбайы Анар екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Дәлелхан өзі құрған шаруашылықты 2018 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін ортаншы ұлы Ерболға сеніп тапсырады. Құрметті демалысқа шыққаннан соң жұбайы Жарқын екеуі немерелерінің білім алуына жағдай жасап, Семей қаласына келіп қоныстанды.

Ербол жұбайы Жазира екеуі әке аманатын адал атқарып, шаруашылықты барынша дамыту үстінде.Бүгінде қара шаңыраққа ие болып отырған Ербол мен Жазира көп балалы отбасы. Қапанбұлақ ауылындағы сыйлы да құрметті жанұялардың бірі. Үнемі ауылдағы аз қамтылған отбасы мүшелеріне көмек қолын созып, ауылдағы орта мектепке демеушілік көрсетіп отырған жомарт кәсіпкер.

Кіші ұлы Қанат пен жұбайы Алма Семей қаласында тұрады. Қанат жеке кәсіппен шұғылданса Алма мекеменің есепшісі қызметін атқарады. Төрт бала өсіріп жеткізіп отыр.

Үлкен қызы  Бақытгул Семей қаласындағы №26 мектептің ұстазы. Жолдасы Арман -Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің подполковнигі. Кіші қызы Алтынгул Өскемен қаласында қаржы саласының қызметкері. Күйеу баласы  Азамат-жеке кәсіпкер.Қанатын жайған осы ұрпағынан 16 немере 2 жиен сүйді.

Осы тұста : “Әттеген -ай !”-деп өңешке өксік тығылады.2025 жылдың 8 шілдесінде Дәлелхан Қасымханұлы жетпіске қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Саналы ғұмырындағы нәтижелі еңбегінің жемісін көріп, зейнеткерлікке шығып, өмірге деген құштарлығы зор, жинақтаған тәлімдерін әулетінің бүгінгі ұрпағына сіңіріп келе жатқан адамның арамыздан бір сәтте жоқ болуы жүректі ауыртады.

Жылдық асы берілер тұста марқұмға: “Жатқан жерің жайлы, топырағың мамық болсын,”-демекпін.

Артыңда қалған ұрпағың,

Айтады жыр қып,ән қылып.

Кетсе де көзден тұрпатың,

Есіміздесің мәңгілік.

 

 

Аширбаев Ерлан Жұмаханұлы

Қапанбұлақ ауылы

 

Осы айдарда

Back to top button