Абай облысыБілімТОП

Абай облысы ауылдағы техникалық білімді күшейтуде: өңірде жаңа тәсілдер талқыланды

Абай облысында ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлау мәселесі жаңа деңгейде қаралуда. Осыған орай өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған облыстық семинар өтті.

Іс-шара облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында Жарма технологиялық колледжінде ұйымдастырылды.

Қатысушылар колледждің оқу-өндірістік базасымен танысып, ауылдық жерлерге арналған кадр даярлаудың нақты тетіктерін талқылады. Шар қаласында орналасқан оқу орны бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, көлік және техникалық қызмет көрсету салалары үшін жоғары сұранысқа ие мамандар даярлап отыр.

Колледждің басты ерекшеліктерінің бірі – өндіріс орындарымен тығыз байланыс. Бүгінде оқу орны өңірдегі бірқатар кәсіпорындармен келісім жасасып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және түлектердің жұмысқа орналасуына нақты мүмкіндік қалыптастырған.

Айта кету керек, материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында да нақты қадамдар бар. Мәселен, «БГП» ЖШС колледжге құны 161 млн. теңге болатын заманауи оқу-тренажерлік кешенін табыстады. Komatsu техникасының симуляторлары студенттерге өндірістегі нақты жағдайға жақын тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар ауылдағы кадр тапшылығын азайтып, жастарды өңірде тұрақтандыруға ықпал етеді. Семинар барысында білім беру бағдарламаларын жаңғырту, IT технологияларды енгізу және бизнес әріптестікті күшейту бағытында ұсыныстар талқыланды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button