Абай облысында өңірді жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін бірнеше жоба жүзеге асырылады

Аймақ басшысы Берік Уәли Үкімет отырысында Абай облысын жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар мен жоспарлар туралы баяндады.
Өңірдің көмірге жалпы қажеттілігі 1 млн 247 мың тоннаны құрайды. Облыстағы көмір өнеркәсібінің негізгі кәсіпорны – Қаражыра кен орнында ашық тәсілмен тас көмір өндіретін «Қаражыра» акционерлік қоғамы.
Кәсіпорынның өнеркәсіптік қоры 780 млн тоннаны құрайды. Көмір өндіру үлесі республика бойынша жалпы өндіріс көлемінің 8 пайызына тең. Былтыр кәсіпорын 34 млрд теңгеге 6,9 млн тоннадан астам көмір өндіріп, облысты ғана емес, өзге өңірлерді де көмірмен қамтамасыз етті. Биыл 57,9 млрд теңгеге 8,2 млн тонна көмір өндіру жоспарланып отыр. Қажеттілікке байланысты кәсіпорын 2029 жылдан бастап көмір өндіру көлемін жылына 14,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуды және 2041 жылға дейін 121 млрд теңге көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Өңірді жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі жобаларды іске асыру көзделген. Мысалы, Семей қаласында жылу қуаттылығы 1000 гигакалория, электр қуаты 360 мегаватт болатын үшінші жылу электр орталығын салу жоспарланған. Нысан құрылысын биыл бастап, 2029 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр.
Курчатов қаласында қуаттылығы 700 мегаватт болатын конденсациялық электр станциясын салу да жоспарланған. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 2026-2029 жылдары 350 мегаватт, екінші кезеңде 2029-2030 жылдары қосымша 350 мегаватт қуат іске қосылады.
Сонымен қатар Курчатов қаласында көмір-химия өндірісі бойынша жылына 300 мың тонна аммиак және 520 мың тонна карбамид өндіретін кешен салу жобасы пысықталуда. Жобаны 2026-2029 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аталған жобаларды жүзеге асыру облыстың электр энергиясының қауіпсіздігіне, қуат тапшылығын азайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



