Абай облысыТОП

Семей қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар жоспарланған

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Мадиев Мейір 2026 жылдың І тоқсанындағы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының өңірде іске асырылу барысы туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, департамент бүгінгі таңда 36 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру, электр және жылумен жабдықтау, сондай-ақ кірме жолдар салалары қамтылған.

– Біздің негізгі міндетіміз тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 8 субъект ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Бұл олардың инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 5 жылға 115 млрд теңгеден асады. Қалған 28 субъект шағын қуатты табиғи монополиялар санатына жатады, – деді Мейір Мадиев.

Әкімшілік бақылау бағытында І тоқсанда 7 субъектке қатысты 11 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 41,7 млн теңге айыппұл салынған.

– Мемлекеттік қызмет көрсету бөлігінде есепті кезеңде 1 қызмет көрсетіліп, бас тарту жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар, халықпен кері байланысты күшейту мақсатында ай сайын қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді. Әр айдың бірінші сейсенбісінде біз тұрғындармен тікелей эфирде кездесіп, коммуналдық саладағы өзекті мәселелерді бірге талқылаймыз. Бұл – ашықтық пен тиімді диалогтың маңызды құралы, – деді спикер.

Ұлттық жоба аясында өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Теплокоммунэнерго» МКК, «Семей су арнасы» МКК және «БЭСК» АҚ тарапынан ондаған жобалар іске асырылмақ. Сонымен қатар Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.

– Семей қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша да нақты жобалар қолға алынған. Олардың қатарында SCADA жүйесін енгізу, коллекторларды және су құбырларын қайта жаңғырту бар. Бұл жобалар коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға, апаттылық деңгейін төмендетуге және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деп атап өтті департамент басшысы.

Тарифтік саясатқа қатысты спикер Үкімет тарапынан қабылданған шешімдерге тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін енгізілген мораторий халыққа түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алдағы кезеңде тарифтер кезең-кезеңімен, әлеуметтік тұрғыдан теңгерімді түрде қаралатын болады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button