ҚазақстанПрезидентТОП

Президент: Маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғырту керек

Ақордада өтіп жатқан салтанатты жиында Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды.

– Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.

– Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті, – Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-manizdi-mndetterd-zhuzege-asiru-ushn-energetika-salasin-tubegeyl-zhangirtu-kerek-07cf05/

Осы айдарда

Back to top button