Абай облысында тұрмыстық қалдықтардың 21,7 %-ы қайта өңдеуге жіберілді

Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов баяндады.
– Бағдарлама аясында өңір бойынша 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілді. Оның ішінде қалдықтарды басқару, көгалдандыру, экологиялық ағарту, су және орман ресурстарын қорғау бағыттары қамтылған. Қазіргі таңда аталған жоспар аясында өңірде биылдың өзінде 37 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналып, оның 21,7 %-ы қайта өңдеуге жіберілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға жоғары, – деді Марат Теміржанов.
Қалдықтарды қайта өңдеу ісін жетілдіру үшін Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында арнайы кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Ал ауылдық жерлерде 15 жаңа контейнерлік алаң орнатылған.
– Көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл көктемгі және күзгі экологиялық айлықтар кезінде 46 мың түп ағаш пен 25 мыңнан астам бұта көшеті отырғызылды. «Жасыл аймақ» жобасы аясында Семей – Қарауыл бағытындағы жол бойларына 5 мың түп терек пен қарағай егілді. Сонымен қатар, Аягөз – Үржар және Көкпекті – Самар тасжолдарының бойында 3 мыңға жуық жасыл желек отырғызылып, суару жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілді, – деп қосты басқарма басшысы.
Ағымдағы жылы облыс бойынша жасыл желек отырғызуға бөлінген қаржы көлемі 420 млн теңгені құраған. Бұл қаражаттың бір бөлігі ағаштарды күтіп-баптау мен санитарлық кесуге бағытталып отыр.
– Алдағы жылы өңірдегі қалдықтарды сұрыптау деңгейін 25 %-ға дейін жеткізу, ағаш отырғызу көлемін 1,5 есеге арттыру және экологиялық ағарту іс-шараларын кеңейту жоспарланып отыр, – деп түйіндеді спикер.