Аягөз орталық аудандық ауруханасында жаңа уретроскоп аппаратының көмегімен жасалған сәтті операция

2025 жылдың қазан айының 8-жұлдызында Аягөз орталық аудандық ауруханасына 38 жастағы науқас жедел түрде оң жақ бел аймағының ауырсынуы, үнемі және ауырсынумен шығатын зәр шығаруға, дене қызуының 38 ге дейін көтерілу шағымдарымен түсті. Науқас 5 жылдан аса уақыт зәр-тас ауруымен ауырады. Бұған дейін консервативті ем қабылдаған.
Жақында аурухана заманауи уретроскоп аппаратымен жабдықталған болатын. Бұл құрылғының ерекшелігі – несепағардың жоғарғы бөліктеріне дейін жетіп, визуализацияның жоғары дәлдігін қамтамасыз етуі. Аппараттың икемділігі мен HD бейнебақылау жүйесінің арқасында дәрігерлер күрделі урологиялық оталарды қауіпсіз әрі аз инвазиялық тәсілмен орындай алады.
Науқасқа спинальді анестезиямен несепағардың ортаңғы 3 тен бір бөлігінен тасты алу операциясы сәтті жүргізілді. Операцияны тәжірибелі жоғары санатты хирург-уролог Бекенаев Мейіржан Слямович орындады. Ота жаңа уретроскоп аппаратының көмегімен алғаш рет жүргізілді және ешбір асқынусыз аяқталды.
Бұл операция Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында науқасқа тегін көрсетілді. Бұл – еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Егер бұл операция ақылы түрде жасалса, Қазақстанда оның орташа құны – 400 мың теңге аралығында. МӘМС жүйесінің арқасында науқас осындай жоғары технологиялық көмекті қаржылық қиындықсыз алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көрсетілген «Ауылдық медицинаны жаңғырту» бағдарламасы аясында аудандық көпбейінді орталық ауруханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Соның нәтижесінде, біздің ауруханамыздың материалдық-техникалық базасы күшейіп, тұрғындарға жоғары сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артып келеді.