Абай облысыҚұрылысТОП

Семейде 200 орындық балалар ауруханасы салынады

Абай облысында 79 жоба әзірленуде, оның 33-і даму жоспарына сәйкес іске аспақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов кеңінен тарқатты.

Спикердің айтуынша, Семейде 200 орындық балалар ауруханасы мен ядролық медицина орталығының хирургиялық корпусы бой көтермек. Сонымен бірге қан орталығы, екі емхана және «Ұшақтар» ықшамауданында 300 төсек-орындық көпсалалы аурухана жобасы дайындалуда.

– Өңірде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Спорт саласында Семейде 25 мың орындық стадион, сондай-ақ ауылдарда спорт кешендері салу жоспарланған. Білім беру саласы бойынша Үржарда 240 орындық балабақша, Қарауылда интернат, Ақтоғайда балабақша бой көтермек. Мәдениет саласында Үржарда жаңа Мәдениет сарайы мен бірнеше ауылдық клубтың жобасы дайындалып жатыр. Әлеуметтік қолдау бағытында Семейде балаларға арналған психоневрологиялық мекеме, Аягөзде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығы салынады. Қауіпсіздік және азаматтық қорғау саласында өрт сөндіру депосы, тергеу изоляторы мен полиция ғимараттарын салу жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту аясында 36 жоба қолға алынған.

– Жыл басынан бері құрылыс басқармасы 14 жобаның құжаттамасын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып үлгерді. Олардың арасында Семей қаласында салынатын 400 орындық «Білім-инновация» лицейі, шаңғы-роллер трассасы мен ауылдардағы спорттық және мәдени нысандар бар, – деп атап өтті Шыңғыс Риаханов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button